Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атыраулық танымал жас айтыскер неліктен туған ауылында мал бағып жүргенін айтты (фото)

Опубликовано:

Салауат Кәрімұлы
Салауат Кәрімұлы. Фото: жеке мұрағатынан

23 жасар атыраулық айтыскер Салауат Кәрімұлы былтыр Атырау облысында "Жыл жаңалығы" номинациясын жеңіп алған. Қазір ол атыраулықтарға "қойшы-ақын" деген атпен танымал. Өйткені айтыскер ұлттық өнерден бөлек туған ауылында мал шаруашылығымен айналысуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Салауат Кәрімұлы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылының тумасы. Ауыл мектебін бітіріп, Атырау аграрлы-техникалық коледжінде теміржолшы мамандығы бойынша білім алған. Бойында ақындық таланты бар жас айтыскер облыстық, аймақтық ақындар айтысының жүлдегері. 2023 жылдың қорытындысымен Атырау облысының "Жыл жаңалығы" номинациясын жеңіп алған. Қазір де ол атыраулықтарға "қойшы-ақын" деген атпен танымал. Отбасылық шаруашылықты дөңгелетіп отырған азамат 100-ден аса қой, 50-ден аса ірі қара мал бағып отыр.

Салауат Кәрімұлы
Салауат Кәрімұлы. Фото: жеке мұрағатынан

"Шағын шаруашылығымда төрт-түліктің барлығы бар. Мал бағу маған таңсық дүние емес. Ата-анам бұрыннан мал ұстаумен айналысып жүрген жандар. Кішкентайымнан осыны көріп өстім. Таңертең ерте сиырларды өріске айдау, қойға шөп беру, жылқыларды бақылап келу, малдардың санын жүргізіп отыру – күнделікті өмірдің бір бөлігі ғана. Мал төлдеген уақытта жұмыс одан да қауырт. Бірақ менің жаным осыны қалайды, осы жерден тыныштық табамын", - дейді Салауат.

Салауат бес ағайынды, үйінде аға-әпкелерінен кейінгі төртінші бала. Осыдан екі жыл бұрын өзі де отбасылы болып, егіз ұлдың әкесі атанды. Айтуынша, шаруашылықты жандандыруға отбасы мүшелерінің барлығы атсалысады. Ерлер сыртқы тірлікті бітірсе, әйелдер құрт-май жасап, дайын өнімдерді нарыққа шығарады.

Салауат Кәрімұлы
Салауат Кәрімұлы. Фото: жеке мұрағатынан

"Анам да, әйелім де бос отырмайды. Біздің жағдайымызды жасап, шамалары келгенше қол ұшын береді. Отбасымыздан артылғанын ысырап қылмай, нарықтың сұранысына қарай сүт, сүзбе, қаймақ май секілді түрлі өнім жасап, саудаға шығарады. Мал шаруашылығын жүргізудің өз қиындықтары да бар. Алайда берекесі көбірек", - дейді ол.

Салауаттың айтуынша, ақындық ата-тегінен дарыған талант. Өз атасы да кезінде мал бағып жүріп, өлең шумақтарын жазған екен. Айтысқа кейін қосылған ақындардың бірі болса да Салауат 10 жасынан өлең жаза бастаған. Қарапайымдылық қасиетінен танымал болуға әрекет етпеген. Бірақ бүгінде айтыс өнерінде өзіндік әзілдерімен көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Айтуынша, жұбайы да қара өлеңнен алыс емес. Өлең жазып тұрады.

"Қазір мен өлеңді аса көп жазбаймын. Дегенмен қатты қуанған кезде немесе бірдеңеден көңілім қалғанда, яғни көңіл-күйіме қарай қалам тербейтін әдетім бар", - дейді қойшы ақын.

Салауаттың есімін ата-анасы айтыскер ақын Салауат Исахаевтай ақын болсын деген ниетпен ырымдап қойған. Ол бүгінде айтыстарға да Салауат Исахаевтың сазымен шығып, көрермендерді баурап жүр.

"Әрине айтыскер ретінде өнерімді шыңдағым келеді, өзімнің жеке жоспарларым да бар. Бағыма қарай көрермін", - дейді жас ақын.

Автор: Әйгерім Сайқын

Салауат Кәрімұлы
Салауат Кәрімұлы. Фото: жеке мұрағатынан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061706-atyraulyq-tanymal-zas-aitysker-nelikten-tugan-auylynda-mal-bagyp-zurgenin-aitty-foto/

pixel