Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пойыз басып кете ме деп қорқамыз": жамбылдық оқушылар мектепке бару үшін күн сайын теміржолды кесіп өтуге мәжбүр

Жарияланған күні:

Жамбыл облысы
Теміржол. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл облысы Меркі ауданындағы екі ауылдың халқы теміржолды заңсыз кесіп өтуге мәжбүр. Өйткені ауыл ішінен өтетін шойын жолда аспалы көпір жоқ. Ата-аналар мен ұстаздар сол теміржолды күнделікті кесіп өтетін оқушылар өміріне алаңдаулы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

11 мыңнан астам тұрғыны бар Ойтал ауылы және Меркі бекетінің жұрты көз ашқалы көпір сұрап келеді. Соның бірі – Гүлмира Жуанышева. Мектепте ұстаздық ететін ол оқушыларының өміріне алаңдайды. Өйткені шәкірттері ауылдағы төрт жолақты теміржолды күн сайын кесіп өтеді. Көпірдің жоқтығынан емхана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарға да бару мұң.

"Менің бұл ауылға келін боп түскеніме пәленбай жыл болды. Ал енді алты жылдан кейін зейнетке шығайын деп отырмын. Міне, әлі көпір жоқ. Мұны қашанғы күтеміз? Күн сайын оқушылар осы жолды кесіп өтеді. Ал олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?", - дейді Ойтал ауылының тұрғыны Гүлмира Жуанышева.

Гүлмира Жуанышева
Гүлмира Жуанышева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шойын жолдың рельстерін ауылдағы үш мектептің мыңдаған оқушысы аттап өтуге мәжбүр. Ал ауыл маңынан тәулігіне 10-ға жуық пойыз жүреді. Сондықтан тұрғындар аспалы көпір салуды сұрап отыр.

"Бұрын адамдардың аяғын кесіп кеткен жағдайлар да болған. Бұл мәселені талай рет айттық. Алайда нәтиже жоқ. Балаларымыз өтеді. Олар сыртқа шықса, амандығын тілеп отырамыз. Пойыз астында қалып кете ме деп қорқынышпен өмір сүреміз", - дейді тұрғындар.

Қос ауылдың ішінен өтетін бұл темір жол көрші қырғыз еліне тиесілі екен. Сондықтан көпір салу үшін олардың келісімі керек.

Жамбыл облысы
Жамбыл облысындағы ауыл ішінен өтетін теміржол. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазіргі таңда көрші елмен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біздің тарапымыздан көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Енді оны мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Жоспар бойынша жылдың екінші жартыжылдығында құрылысын бастап, халықтың игілігіне берсек деген ойымыз бар", - дейді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.

Ал тәртіп сақшылары теміржолды заңсыз кесіп өткен ауыл адамдарына ай сайын 10-ға жуық айыппұл салады. Айта кетейік, қырғыз шекарасынан шығатын темір жол торабы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Түрксіб станциясына дейін 59 шақырымға созылған. Оны күтіп ұстау қызметін Қырғызстан компаниясы жүргізеді.

Авторы: Дана Мұхарбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062268-poiyz-basyp-kete-me-dep-qorqamyz-zambyldyq-oqusylar-mektepke-baru-usin-kun-saiyn-temirzoldy-kesip-otuge-mazbur/