Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе соты олимпиадаға бара жатып жол апатына ұшыраған оқушылардың ісін қарауды бастады

Жарияланған күні:

соттың алдын ала тыңдауы
Алдын ала тыңдау. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі оқушы мен бір мұғалімнің өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты соттың алдын ала тыңдауы өтті. Қоғамда резонанс тудырған іске жәбірленуші мен сотталушының туыстары қатысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқушылар мінген Toyota Alphard көлігін сол мектептің 25 жастағы мұғалімі тізгіндеген болатын. Жүргізушіге Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Сотталушы үйленген, екі баласы бар. Бұрын сотталмаған.

Қоғамда резонанс болған іске жәбірленуші мен сотталушының туыстары қатысты.

Ал айыптау актісін оқыған прокурор жол апатының қалай болғанын және құрбандары туралы айтты.

"Рульге ие бола алмай, қарама-қарсы бағыттағы Қырғызстан республикасының азаматының жүк көлігінің алдыңғы сол жақ бұрышына соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы кезінде 2008 жылы туған оқушы ауруханаға түсті. 1998 жылы туған азамат, 2008 жылы туған Н.С., 2007 жылы туған Д.Қ. жол-көлік оқиғасынан қайтыс болды. 1998 жылы туған туған жолаушы бас жарақатын алғаннан қайтыс болған. Бұл қатты ауыр соққыдан болуы мүмкін. 2007 жылы туған жолаушының басы жұлынып қалған. 2008 жылы туған Н.С. көптеген жарақат әсерінен травматикалық шок алып, қайтыс болған. 2008 жылы туған Н.А. ауыр дәрежелі дене жарақатын алған", - деді прокурор Асланбек Ибрашев.

Іс төрт томдық, судья іс бойынша куәгер жоқ екенін айтты.

Сотталушының туысының айтуынша, туған қарындасы мен жан досынан айрылған сотталушы үлкен психолохиялық күйзеліске ұшыраған.

"Жол қателікті кешірмейді. Алла сынақ берді, соны көтеріп жатырмыз. Алладан, қоғамнан тілейміз. Рульде отырған інімізге жеңілдік берсе дейміз. Қамауда отырғанда Ырғызда ешкімді көре алмады. Әкесі ғана қоғамдық қорғаушы ретінде кіріп шықты. Психолог жалдап, інімізге көмектесуге тура келді. Ол өмір сүргісі келмеді, өз-өзіне қол салмақ болды. Жанында отырғаны өз досы, ал көз жұмған туған қарындасы. Өте ауыр болды. Психологқа қарындасын бір рет айтты, ал досын қайта-қайта айтқан. Екеуі қатар жүрді. Оқу бітірген соң еңбек жолын "ауылда бірге бастаймыз" деп барды. Бес жыл болды, екеуі де сол мектептің мұғалімі еді. Үнемі қалаға бала тасып, жарысқа әкеліп жүрді. Әкесінің де денсаулығы сыр беріп жүр. Алладан кешірім сұрап жүрміз. Қайтыс болған адамдардың отбасынан кешіріп сұрап бардық", - деді сотталушының әпкесі Гүлбану Шәмшадинқызы.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылдың 19 желтоқсанында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тіркелді. Пәндік олимпиадаға бара жатқан Жаныс би ауылының оқушылары Самара-Шымкент тас жолында жүк көлігімен соқтығысып, жол апатына ұшырады.

Оқиғаға қатысты істің басты сот талқылауы 5 наурызда сағат 9:30-да өтеді.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062734-aqtobe-soty-olimpiadaga-bara-zatyp-zol-apatyna-usyragan-oqusylardyn-isin-qaraudy-bastady/