"Парталар тақтаға жабысып тұр": Жамбыл облысында оқушылар дәліздерде оқуға мәжбүр
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Меркі ауданындағы екі мектеп екі мыңға жуық оқушыны сыйдыра алмай отыр. Мәселен үш ауысымды №48 мектептің оқушылары дәлізде оқуға мәжбүр. Ал сыныптар санитарлық талаптарға сай емес, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аймақ бойынша 5 мың оқушысы бар төрт мектеп үш ауысымда болса, оның екеуі Меркі ауданында. Ойтал ауылындағы №48 және Андас батыр елді мекеніндегі №21 білім ұясы екі жылдан бері үш ауысымда бала оқытады.
Ойталдағы шағын мектеп 310 орындық. Алайда ағарту ошағында көрші жатқан үш ауылдан келіп оқитын оқушыларды қосқанда мыңнан аса бала оқиды. Сынып жетіспеушілігі салдарынан мектеп дәліздерін құрылыс заттарымен қоршап, қосымша бөлмелер жасаған. Жалпы саны 33 сыныптың қолдан құралған жеті сыныбы талапқа сай емес.
"Мына кабинетіміз бұрын дәліз болатын. Көріп отырсыздар ғой, оқу парталары тақтаға жабысып тұр. Ал санитарлық талап бойынша тақтадан былай екі метр қашықта болу керек. Тар сыныпқа 15-16 бала ғана сыяды", - деді мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Ерзат Серікұлы.
Мектеп директоры да тар бөлмені қызметтік кабинетке айналдырыпты. Оның екі орынбасары мен кәсіподақ төрағасы өз кабинеттерін балаларға босатуға мәжбүр болған. Ал жапсарлас қосылып салынған екі сыныптың кіріп шығатын бір ғана есігі бар. Көркем еңбек пәніне арналған сынып мүлде болмағандықтан оқушылар сабақты әртүрлі сыныпта өтеді. Білім ошағын екі ауысымға ауыстыру үшін былтыр жазда мектеп жанынан 200 орындық қосалқы нысан құрылысы жүріп жатыр.
"Үш жыл бұрын мектепке күрделі жөндеу жүргіздік. Сол кезде қосымша сыныптар жасадық. Ал енді мынау жанымыздағы жапсарлас нысан құрылысы биыл тамызда бітуі қажет. 16 кабинет пен спорт зал жаңадан салынады. Жалпы аумағы екі жарым мың шаршы метр болады. Бас мердігер де, құрылыс басқармасы да нысанның дәл уақытысында бітетініне күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Құрылыс аяқталмаса мемлекеттік аттестациядан өткізбейді. Өйткені биыл біз тестілеуге түсіп қалатын болсақ, онда сынақтан өтпей қалу қаупі бар", - деді №48 орта мектеп директоры Берік Ахметбеков.
Бүгінде Меркі ауданындағы 35 мектепте 16 679 бала оқиды. Аудан әкімі үш ауысымды мектептердің болуы – халық саны өскенін білдіреді деп отыр.
"Андас батыр ауылындағы №21 мектептің мәселесі 150 орындық қосалқы құрылыс салу арқылы өз шешімін табады. Ауданымызда демографиялық даму бар деген сөз. Меркі ауданына 2022 жылы мен әкім болып келгенде халық саны 86 мың болса, бүгінде тағы 2 мың адамнан асты. Бала саны өсіп жатыр. Қазір Меркідегі №44 мектеп те үш ауысымға көшу қаупі бар. Біз Меркі ауылында да орын тапшылығы болады деп жобалап отырмыз. Сондықтан биыл ауылда 600 орындық "Жайлы мектеп" құрылысын салуға кірісеміз. Келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Ал Аспара және Ақжол елді мекеніндегі апатты жағдайдағы мектептер былтыр жөндеуден өтті", - деді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.
Жамбыл облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл аймақта 19 мектеп салынады.
"Жаңа нысандар есебінен үш ауысымды мектептер мүлде болмайды. Үш ауысымда жұмыс істейтін төрт мектептің, апатты жағдайдағы 3үш мектептің және оқушы орны тапшылығы бар екі мектептің мәселесі шешіледі", - деді басқарманың баспасөз хатшысы Ару Датаева.
Айта кетейік, былтыр еліміз бойынша 137 мың орындыққа арналған 165 жаңа білім ұясы ашылды. Нәтижесінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесі өз шешімін тапқан болатын.
Автор: Дана Мұхарбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062740-partalar-taqtaga-zabysyp-tur-zambyl-oblysynda-oqusylar-dalizderde-oquga-mazbur/