"Бірінен соң бірі түрмеге кетіп жатыр": судья есірткі саудасы үшін жаза тартқан жастар көбейгенін айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбеде аса ауыр қылмыс жасап, сотталып жатқандар арасында жастар көп. Оңай және тез пайда табуға қызыққандар бас бостандығынан айырылғанда ғана өкінеді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ақтөбелік судья Нұрлан Бақтығалиев есірткі саудасын жүргізіп отырғандардың жауаптан жалтарып кететініне алаңдаушылық білдірді.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2023 жылы есірткі айналымына қатысты 61 істі қараған.
"Қаралып жатқан істердің басым бөлігі жеке адамға қатысты. Адам өлтіру, зорлық-зомбылық, есірткі айналымы. Соның ішінде есірткі айналымына қатысты істер үлкен мәселе боп тұр. Жастар осындай жолмен жылдам әрі көп табыс табуға ұмтылады. Олар көп жағдайда өздері есірткі тұтынбаса да табыс табу үшін заңсыз әрекеттерге барады. Ал мұндай қылмыспен ұсталған жағдайда сотпен оларға кемі он жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Әрине олар сотқа келгенде өкінеді, бірақ кеш. Жастар бірінен соң бірі түрмеге кетіп жатыр", - дейді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Судьяның сөзінше, жастар көбінесе әлеуметтік желі арқылы айтылған мекенжайға қомақты ақша үшін есірткі жеткізу кезінде ұсталады.
"Мұндай істерді сотта қараудың ерекшелігі дәлелдемелерге қатысты болып келеді. Ұсталған сәтте сотталушылардан алынған ұялы телефондар басты дәлел ретінде танылады. Сотталушылардан закладчик ретінде қалай жұмысқа орналасқанын, психотроптық затты алғанын, жасырғанын, тапсырманың орындалғаны туралы есептер сияқты қылмысты нақты растайтын дәлелдер алынады. Сонымен қатар сотталушылар көбіне психотпроптық заттарды полиция қызметкерлері өздері салып жіберді, арандатушылық болды деп жатады. Істі қарау кезінде полиция қызметкерлерінің үстінен сотталушылардың арызы бойынша тергеп-тексеру қатар жүреді. Сондықтан сотта дәлелдемелерді зерттеуге және бағалауға аса мән беріледі", - дейді судья.
Іс жүргізуші судьяның айтуынша, қазір елімізде есірткі тасымалдаушылар ғана істі боп жүр. Ал негізгі ұйымдастырушыларға қажетті деңгейде тыйым жоқ.
"Қылмыстық қудалау органдарымен есірткі саудасымен айналысатын тұлғалардың интернет желісіндегі қызметіне тыйым салынса, шектелсе бұл келеңсіз жағдайлардың аз да болса алдын алуға болар ма еді. Бірақ бүгінде ол орындалмай отыр. Себебі есірткі бизнесінің өте ірі пайда әкеледі, сондықтан олар да оңайлықпен алдыра қоймасы анық. Бүгінгі таңда сотта жауаптылыққа тек курьерлер, закладчиктер, фасовщиктер ғана тартылуда, ал нағыз ұйымдастырушылар, интернет желісі арқылы басқарып, жүргізіп отырғандар жауаптылықтан тысқары қалып отыр. Сондықтан осы бағытта жұмысты жандандыруды проблеманы шешудің бір жолы деп есептеу қажет", - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062869-birinen-son-biri-turmege-ketip-zatyr-sudya-esirtki-saudasy-usin-zaza-tartqan-zastar-kobeigenin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.