Қазақстанда чипс, фастфуд және энергетикалық сусындарды жарнамалауға тыйым салынуы мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомПарламент сенатының депутаттары үкіметке Қазақстанда зиянды өнімдерді жарнамалауға тыйым салу туралы ұсыныспен жүгінді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова сенат депутаттарының сауалына жауап бере отырып, Қазақстанға энергетикалық сусындар, чипстер, фастфуд және басқа да зиянды өнімдер сәйкестік туралы декларациямен әкелінетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ ол өнімдер өткізу сатысында сатып алу және өнімдерді санитарлық-эпидемиологиялық мониторингілеу аясында бақылаудан өткізіледі.
Бұл ретте Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында салауатты және рационалды тамақтану және салауатты әдеттерді, оның ішінде балалар арасында қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
"Денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат министрліктері ұлттық телеарналар мен радиоарналарда балаларға арналған зиянды өнімдерді жарнамалауға уақытша шектеулер енгізу мәселесін қарастыруда", - деді вице-премьер өз жауабында.
Ол сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттармен кездесу ұйымдастырып, осы мәселелер бойынша қабылданған шаралар туралы толығырақ баяндауды тапсырғанын айтты.
Айта кетейік, жуырда депутат Бибігүл Жексенбай Қазақстанда жаңа "азық-түлік салығын" енгізу туралы ұсыныс айтқан еді.
Оның пікірінше, Қазақстанда "зиян" деп аталатын тағамдарға тыйым салынып, зиян тағамдар мен қант қосылған түрлі энергетикалық сусындарға қосымша салық салынуы керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063043-qazaqstanda-cips-fastfud-zane-energetikalyq-susyndardy-zarnamalauga-tyiym-salynuy-mumkin/