Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күнде су үшін кезекке тұрамыз": Жамбылда 3000 тұрғыны бар ауыл таза ауыз суға мұқтаж

Жарияланған күні:

Көктөбе ауылы
Көктөбе ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Үш мыңнан аса тұрғыны бар Жамбыл облысы, Көктөбе ауылында алты-ақ үйде ауыз су бар. Тұрғындар жылдар бойы тіршілік нәрін құдықтан басып не сатып ішеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

450 түтіні бар Көктөбе ауылында ауыз су күніне екі-ақ сағатқа беріледі. Тұрғындар тіршілік нәрі үшін күнделікті кезекке тұрады. Кейбірі үй маңынан баспа құдық қазып алған. Алайда оның суы ішуге жарамсыз дейді. Ал осыдан үш жыл бұрын ауылда ауыз су желісінің құрылысы басталған. Алайда жобаны жасаған жауаптылар су мұнарасының қуатын дұрыс есептемеген. Салдарынан тіршілік нәрі тек 6-ақ үйге жетіп отыр. Құрылысына 760 млн теңге қаржы бөлінген жоба 2023 жыл аяғында аяқталуға тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін созбалаңға салынып келеді.

"Құдықтан алып отырған суымыз ішкенге жарамайды. Ол - ащы су. Балаларға обал. Жасыратыны жоқ, балалардың бүйрегіне тас жиналып жатыр. Ыдысымызды сүйреп, күн сайын кезекке тұрып, құдықтан су алып ішіп отырмыз. Бірақ денсаулығымыз не болмақ? Оны ішпейін десең, басқа су жоқ", - дейді Көктөбе ауылының тұрғыны Сапарбек Саңырақбай.

Тұрғындар салынып жатқан бір мұнара бүкіл ауылды сумен қамти алатынына күмән келтіреді.

су мұнарасы
Су мұнарасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ауылымыз өте үлкен. Мынау соғылып жатқан мұнараның көлемі кішкентай, бізге жетпейді. Ертең жарты ауыл сусыз қалады. Сондықтан бір емес, екі мұнара қажет. Уақытын да кешіктіріп жатыр. Күте-күте шаршадық", - дейді ауыл тұрғыны Жұмабек Оспанов.

Ал аудан әкімдігі су мұнарасының қуаты ауылды толықтай сумен қамтуға жетпейтінін мойындап отыр. Сондықтан сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіп, екіншісін орнатуда. Сондай-ақ Көктөбеге көршілес жатқан Сауытбек ауылында да дәл осы жағдай.

"Біз нақты мамырдың 25-іне дейін аяқтаймыз деп отырмыз. Негізінен Шу ауданының 76 пайызын сумен қамтуға жағдаймыз бар. Биыл тоғыз ауылға таза ауыз су тартып берсек, оның төртеуі өтпелі болып, биыл бітеді. Осы жылы тағы төрт ауылда конкурс ұйымдастырып, құрылысы басталады", - дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Шу ауданы бойынша 35 елді мекеннің 26-сы ауыз сумен қамтылған. Ал 2025 жылға дейін ауданды 100 пайыз тіршілік нәрімен қамту жоспарланып отыр.

Авторы: Дана Мұхарбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063130-kunde-su-usin-kezekke-turamyz-zambylda-3000-turgyny-bar-auyl-taza-auyz-suga-muqtaz/