"Қазақстан бойынша біреу-ақ": қатарынан үш мәрте егіз туған жамбылдық батыр ана туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында тұратын зейнеткер Райкүл Рәпішева – қатарынан үш мәрте егіздерді дүниеге әкеліп, жалпы сегіз балаға ақ сүтін берген батыр ана. 1966 жылы тұңғышын өмірге әкелген ол араға екі жыл салып қызды болған, ал кейін үш мәрте егіз туған. Зейнеткердің перзенті Асан Рәпішев анасын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаса деген арманын жасырмады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Райкүл Рәпішеваның жасы бүгінде 80-ге таяп қалды. Үш рет егіз туған батыр ана Байзақ ауданының тұрғыны. Айтуынша, жас кезінде қос-қостан өмірге бала әкеліп, оларға тәрбие беріп, жұмысында да озат атанып үлгерген.
"Бес құрсақ көтердім, үлкен екі балам жалқы, сосын қатарынан үш егіз (жалпы алты сыңар бала) босандым. Алғашқы екі баламнан кейін 1970 жылы дүниеге Асан, Үсен деген екі ұлым, 1972 жылы Ержан, Нұржан, ал 1975 жылы Гүлмира, Эльмира деген екі қызым келді. Кенжемнің бірі алты айында шетінеді. Балаларға қатал болдым, оларды қатты ұстадым. Балаларым әкесіне қарап сөйлемейтін, менімен ақылдасады. Ене жоқ, қайынсіңлі жоқ, күйеу жұмыста, жалғыз өзім бәріне үлгердім. Бала да тудым, жұмыс та істедім. Үйде бір-бір жылдан ғана отырдым. Балабақшаға бердім. Балаларды оқыттым, өсірдім, өндірдім, жұмыста озат болдым. Мен егіз туып ем әрі қарай жалғасты. Үлкен қызымда, немеремде егіз бар", - дейді әжей.
Райкүл әже бүгінде 20 немере, 23 шөбере сүйіп отыр.
"Әже-әже деп шулап өсіп жатыр. Мерекелерде бала-шағамның бәрі алдыма келіп құттықтап кетеді", - дейді ол.
Райкүл Рәпішева 19 жасында жұбайы Тұрсынқұлмен отау тіккен. Екеуі аудан орталығындағы Жамбыл құс фабрикасында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шықты. Ерлі-зайыпты 50 жыл бір шаңырақ астында қол ұстасып өмір сүрген. Жолдасы 72 жасында немере-шөберенің біразын көріп, өмірден озыпты.
Бүгінде әжей "Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалі мен "Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін", "Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін" төс белгілерімен марапатталған.
Әжейдің ұлы Асан Рәпішев анасының бар құрметке лайық екенін әрдайым айтып жүреді.
"Менің Анам – 30 жасына дейін бір емес, бірнеше рет, қатарынан үш мәрте егіздерді туған. Мұндай ана менің білуімше, Қазақстан бойынша біреу-ақ. Бұл өмірде мен анама қолымнан келген бар жақсылықты жасағым келеді. Батыр анамды бүкіл қазақ елі білсе екен деп армандаймын.
Біз балалары ер жеттік, алдымыз 50-ден астық. Соның өзінде анамыз бізді күнде іздеп тұрады. Бізді әлі баладай көреді. Анамның шаршамай, талмай бізді бағып өсіргеніне басымды иемін. Аралары екі-үш жас, оның үстіне қатар-қатар егізбіз, күйеуі ертелі-кеш жұмыста, бала тәрбиесімен де өзі айналысқаны нағыз ерлік емей немене?!", - дейді ұлы Асан Рәпішев.
Ол анасының 30 жылдық еңбегі бағаланып, соған сай құрмет көрсетілсе дейді.
"Сол үшін қаншама жылдан бері аудандық, облыстық, республикалық, тіпті ресейлік басылымдардың журналистеріне хабарласып, мақалалар жаздырдым. Биыл "Жыл адамы" байқауына да өтініш беріп, оның екінші айналымына өттік. Десе де мені бір қынжылтатын мәселе бар. Мен үкіметтен анама пәтер, көлік, дүние сұрамаймын. Мен тек ол кісінің үш егіз тауып, бағып-қаққан, 30 жыл еткен еңбегі бағаланып, соған сай құрмет көрсетілсе деймін.
Шыны керек, тіпті 8 Наурыз сынды мерекелерде де өзім аудандық әкімдікке барып, айтқаннан кейін ғана кішігірім іс-шараларына шақырады. Тіпті "Алтын алқа" белгісін аларда да аудан әкімдігінің маманы үйге әкеліп қолына ұстатып кете салыпты. Әдетте ондай марапаттарды аудан, облыс әкімдері қабылдап, салтанатты жағдайда табыс етпей ме?", - дейді Асан Рәпішев.
Райкүл әжейдің ұлы ол туралы ауданның ғана емес, облыс басшыларына да айтқанын жеткізді. Алайда оның айтуынша, барлығы уәде беріп шығарып салған. Зейнеткердің перзенті анасын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаса деген арманын да жасырмады.
"Арманым - Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға менің алтын анамды шақырса екен. Менің анам "Байзақ ауданының құрметті азаматы", "Жамбыл облысының құрметті азаматы" атағына да әбден лайық деп есептеймін", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063224-qazaqstan-boiynsa-bireu-aq-qatarynan-us-marte-egiz-tugan-zambyldyq-batyr-ana-turaly-ne-bilemiz/