Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Енді қалғаны осы еді": Сарыағашта көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолды жөндеуге шықты

Жарияланған күні:

Жөндеу жұмыстары
Сарыағаш қаласы. Видеодан кадр: Instagram/egovpress

Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғындары республикалық маңызы бар жолды өз күшімен жөндеуге кірісті. Жергілікті әкімдік жолды қалпына келтіру жұмыстары жақында ғана жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көлік жүргізушілері шұрық-тесік болған жолда жүру мүмкін болмай кеткенін айтады. Көпшілік боп жұмыла кіріскен жол жөндеу жұмыстары түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

"Сарыағаш қаласындағы республикалық маңызы бар жол мынау. Халық болып, такси жүргізушілері болып жолды жөндеп жатыр. Күнде осындай кептеліс. Оны бәріңіз білесіздер. Сарыағаш ауданы әкімі, қала әкімі қайда қарап отырғанын білмеймін. Енді бір қалғаны халық болып жиналып жолды жөндеуі еді. Міне, жолдар жамалып жатыр", - дейді бейнежазбаны түсірген ер адам.

Аудан әкімдігі өкілінің айтуынша, дәл осы республикалық маңызы бар жолда жергілікті әкімдік 3 ақпанда ғана ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Ол ай соңына дейін шыдас бермеген. Бәріне ауа райы себеп дейді олар.

"Бейнежазбадағы мәселе бойынша айтар болсақ, А-15 республикалық маңызы бар жол "ҚазАвтожол-ға" қарасты. Аталған жолда биыл 3 ақпанда ақауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты ақаулар қайта байқалуда. Ауданның қоғам белсенділері өз еріктерімен іс-шараны жүзеге асыруға ниет білдірді. Осы орайда қала әкімдігінің қызметкерлері мен ауданның полиция басқармасы қызметкерлері бірге ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгенін мәлімдейміз", - деп хабарлады Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Автор: Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063438-endi-qalgany-osy-edi-saryagasta-kolik-zurgizusileri-respublikalyq-manyzy-bar-zoldy-zondeuge-syqty-video/