Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгиялық қазақ баласы Жәнібектің анасы болуы мүмкін 14 әйелден қан талдауы алынған

Опубликовано:

ЭддиЖан
ЭддиЖан. Фото: instagram.com/kymbatdoszhan

Біраз уақыт бұрын "Бармысың, бауырым" бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Досжан бельгиялық отбасы асырап алған қазақ жігіті Жәнібектің тағдыры жайлы айтқан болатын. "1001 түн" бағдарламасында ЭддиЖанның анасы болуы мүмкін 14 әйелден қан талдауы алынғаны белгілі болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Жәнібек желтоқсан айында Қазақстанға келді. Ол "Анамды іздеймін" деп әлеуметтік желіге видео жариялады. Осы уақыттан бастап Қазақстанның тең жартысы қосыла іздеді, қосыла жылады. Нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. "Аядай Арқалықтан қалай табылмай жатыр?" деген сұрақ туындап жатыр.

1 аптаның ішінде Жәнібекті перзентханада 4-5 күн бойы емізіп, ақ сүтін берген ананы таптық. Бұл жерде аса бір қырағылық таныту керек. Жәнібектің болжамды анасына ұқсайтын тағы бір әйелді таптық. Оның ДНҚ-сы сәйкес келмеді. Жәнібек туған жеріне барды, көп кісімен кездесті. Қайда барса да, Жәнібекті құшақ жая қарсы алды. Полицияда салғырттық бабымен іс қозғап, ол жабылған болатын. Сосын қаңтар айында Жәнібектің атынан арыз жазылып, тергеу ісі басталды. Қазір тергеушілер Астанаға келді. 14 болжамды ана мен 1 ер адамнан қан талдауы алынды. Оның алтауының нәтижесі шықты", - деді Қымбат Досжан.

Сонымен қатар Қымбат Досжан Жәнібектің шетел асуына себепкер болған әйел жайлы барлық ақпаратты білетінін айтты.

"2000 жылдары Арқалықтағы әлеуметтік мекемеде, перзентханада, сәбилер үйінде жұмыс істегендердің 99 пайызы -әйелдер. Жәнібектің шетел асуының өзі "аналардың" (әйелдердің - ред.) қолымен жасалған іс. Сұхбатымда да айттым. Әйел адам Жәнібекті асырап алатын бельгиялық азаматшадан өте үлкен көлемде, мыңдаған еуро көлемінде келісіммен, санап тұрып ақша алған. Оның әйел адам екенін және сол кезде жас келіншек болғанын, отбасы барын, қазір қанша жаста екенін, қай жерде жұмыс істейтінін білемін. Қазір полиция ол кісімен айналысып жатыр. Біз ана дейміз. Алайда Жәнібектің шетел асуына аналардың кесірі тиіп отыр. Заң бар және қылмыс болса, жауап берілу керек. Қолдың саусағындай 4-5 адамның ғана жасаған дүниесі.

Егер бұл бала Еуропада керемет отбасыға түсіп, әкесі мен шешесінің махаббатына, мейірімге бөленіп өссе, арманы жоқ деп айтар едім. Бірақ олай болмай шықты ғой. О баста бұл баланы жалғызбасты, күйзеліске жиі ұшырайтын әйелге берген. Жәнібекті тағдырлы бала дейтінім сол. Шетелге барды, тағы да балалар интернатына түсті. Аналар мейірлене де алады. Алайда ақша үшін баланы шетелге де асыра алады", - деді Қымбат Досжан.

Еске сала кетейік, 2004 жылы бельгиялық әйел асырап алған Қазақстан тумасы ЭддиЖан биологиялық ата-анасын іздеп, Қазақстан халқынан көмек сұраған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063683-belgiyalyq-qazaq-balasy-zanibektin-anasyn-tabu-usin-14-aielden-qan-taldauy-alyngan/

pixel