Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көңіл қынжылтады": Алматы облысының ауыл тұрғындары зират үшін үйін заңдастыра алмай жүр

Опубликовано:

Ауыл тұрғындары
Ауыл тұрғындары. Скриншот: КТК телеарнасының сюжеті

Алматы облысындағы Жібек жолы ауылдық округінде көрші зираттың кесірінен 40-қа жуық отбасы баспанаға құжат ала алмай жүр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

Ауыл тұрғындары бұл мәселені 13 жылдан бері шеше алмай келеді.

Журналистерге берген сұхбатында тұрғындардың бірі Айнұр Сүлімова қанша жылдан бері жеке баспанасы бар болса да, тіркеуге тұра алмай жүргенін айтқан. 2011 жылы күйеуі екеуі зират маңынан жер телімін сатып алған. Отбасы учаске санитарлық аймақта орналасқанын және тек егіншілікке арналғанын білген. Бірақ жергілікті әкімдік жақын арада нысанның мақсаты өзгереді, сондықтан құрылысты бастай беруге болады деп сендірген.

Алайда арада 13 жыл өтсе де, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындары өзгеріс көрмеген.

"Олар зират бар деді. Бірақ зират шалғайда жатыр ғой. Мұнда 45 адам тұрады, бірақ жақын жерде тұратын 10 адам тіркеу жасатып алған. Ал қалғандары, олар қалай рұқсат алғанын білмеймін. Неге бізге бермейді?

Көңіл қынжылтады. Менің жеті балам бар. Тіркеусіз, ештеңесіз қайда барамын? Тіпті жұмысқа да алмайды, ауруханаға да бара алмайсың", – деп шағымданды ол.

Тағы 40-қа жуық отбасы осындай жағдайға тап болған. Онда зейнеткерлер де, көпбалалы отбасылар да тұрады. Олардың бәрі үйсіз қаламыз ба деп қорқады, себебі баспанаға немесе тіркеуге тұруға құжаттары жоқ.

"Балаларыма үй қалдыруым керек. Сегіз балам бар. Құжаттарым жоқ болса, қалай тастаймын? Мен өлсем, бұл үй не болады? Мен оны тіпті мұраға тастап кете алмаймын. Сонда балаларым үйсіз қалмақ па?" – деп ашуланды тағы бір тұрғын Зейнеп Елшібаева.

Әкімдік өкілі зират осы жылдың қаңтар айында жабылғанын мәлімдеді. Басқармадағылар жердің нысаналы мақсатын өзгертуге уәде берді.

"Біз бұл зиратты заңды түрде әкімдіктің бұйрығымен жаптық. Ол шекарасына жетіп, толып кетті. Міне, енді олардың барлық мәселесі шешілді! Енді тұрғындар тыныш барып, үйін рәсімдей алады. Біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық", - деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев.

Нысанды пайдаланудың мақсатын өзгерту процедурасы тағы екі айға созылады. Содан кейін барып тұрғындар үйіне құжаттарын ала алады, деп сендірді әкімдіктегілер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063876-konil-qynzyltady-almaty-oblysynyn-auyl-turgyndary-zirat-usin-uiin-zandastyra-almai-zur/

pixel