Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іріткі салушылардың әрекеті еді": айтыскер Сырым Әуезхан Жүрсін Ерманмен қарым-қатынасы туралы айтты

Жарияланған күні:

Сырым Әуезхан, Жүрсін Ерман
Жүрсін Ерман мен Сырым Әуезхан. Фото: instagram.com/syrym_auyezkhan

Ақын Сырым Әуезхан соңғы кезде айтысқа сирек шығып жүр. Айтыскер ұлттық өнердің шашбауын көтерген Жүрсін Ерманмен ара-қатынасы туралы қоғамда қандай пікір қалыптасқаны, сондай-ақ айтыстағы әріптестері, табысы туралы сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сұхбатымызды өзіңіздің жаңалықтардан бастайықшы. Қандай сүйінші хабарыңыз бар?

Соншалықты сүйіншілейтін жаңалық жоқ. Түрлі жобаға жоспарлар бар. Уақыты келгенде естіп, көріп білесіздер.

Қазір ата-анасы барын беріп өсірсе де, бағасын білмей жүрген балалар бар. Ал сіз шатаспасам, екі айлық кезіңізде бөлек кеткен әкеңізге деген сыйластығыңыз үлкен екенін бір сұхбатыңызда айтқан едіңіз. Әкемен қарымоқатынасты сақтау қай кезде қабылдаған шешім болды?

Әкем тастап кетті деп айта алмаймын. Бұл біріншіден - тағдыр. Екіншіден екі ересек адамның шешімі. Әкеммен қарым-қатынасты сақтау бала кезден қабылданған шешім. Анамның тәрбиесі сондай болды. Ешқашан менің тарапымнан құрметсіздік болған емес.

Психология саласын қаншалықты қолдайсыз? Әсіресе, бай болғың келсе әкеңді кешір, әкемен байланысты түзе деген үгіт-насихатты қаншалықты дұрыс санайсыз? Адамдар тек материалды байлыққа жол ашу үшін әкелерімен байланыс орнатқаны дұрыс па?

Психологияны ғылым ретінде мойындаймын. Арасында дұрыс та, бұрыс та техникалар бар. Ал ата-аналармен қарым-қатынастың өміріңізге де, байлыққа, бақытқа әсері бар екенін жоққа шығармаймын. Шариғаттымыз да Алланың разылығы ата-ананың разылығында деп жатады ғой. Бұл жердегі мәселе ниетте ғой. Егер ниетіңіз тек бай болу үшін ата-анаңызбен қарым-қатынасыңызды жөндеу деген жақсы емес. Ал әке-шешенің батасынсыз жолыңыз болмайтынын мойындау керек.

Жақында айтыстың атасы Жүрсін Ерманның туған күні болды. Instagram-да 70 жасына арнаған өлеңіңізді жолдапсыз. Ол кісіге қаншалықты жиі хабарласып, сәлем беріп барып тұрасыз?

Соңғы уақыттары ол кісімен қатынасымыз дұрыс еместей, ол кісі бізді жақтырмайтындай көрініп қалып жүрді. Бұл араға іріткі салушылардың теріс әрекеттері еді. Ақиқатында арада ешқандай да келіспеушілік болған емес. Әрине, ол кісіге жиі барып тұруға тырысамын. Айтыстағы қадамымызды шыңдаған да, аламанға қосқан да, бағытты көрсеткен де сол кісі. Мен үшін орны бір төбе екенін мойындаймын.

Айтыс десе Жүрсін, Жүрсін десе айтыс бірден көз алдымызға келеді ғой. Тура сол кісідей айтысқа жаны ашитын, айтыстың арбасын сүйрейтін жан деп кімді айтар едіңіз?

Иә, ол рас. Жүрсін ағасыз айтысты елестету мүмкін емес. Ал тура сол кісінің орнын кім басады? Айтысты тура Жүрсін ағадай кім сүйреп алады? Бұл сұрақты негізі Жүрсін ағаға да қойған едік. Ол кісінің өзі астын сызып ешкімді айта алмады. Бірақ қай айтыскер ағамызды алсақ та, шын жанашыр болады деп ойлаймын. Бір кездері адамдар өздеріне нан алатын ақша таппай жүрген кезде, Жүрсін аға айтысқа демеушілер тауып, талай көлікті тіккен еді. Енді тура солай жүрегімен беріліп жасайтын мына адам деп әзірге басып айта алмаймын.

Қазіргі айтыстың ұйымдастырылуы мен жүлде бөлістің деңгейіне көңіліңіз тола ма?

Әрине, жылдан жылға мемлекеттің айтысқа деген көзқарасы өзгеріп, жүлденің де сапасы көтеріліп келеді. Бірақ айтыс ұйымдастыру мен жүлде бөліс деген нәрсе әрдайым сынға ұшырайтын дүние ғой. Өкініштісі, бізде көрермен айтыста ақындар не айтты деп емес, ақындар не алды деп ойланады. Бірақ бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

Айтыстағы ең мықты қарсыласым деп кім деп білесіз? Неліктен?

Біріншісі - Айнұр Тұрсынбаева. Ол кісі кез-келген айтыскердің бағын ашатын серіктес. Екіншісі - Жандарбек Бұлғақов. Бұл кісінің жанында қонып жүріп, айтыстың қыр-сырын үйренгенбіз. Үшіншісі - айтыстың киллері Бекарыс Шойбеков.

Осы күнге дейін ең қомақты табысыңыз қанша болды және оны қайда жүмсадыңыз?

Шатаспасам, 10 млн тг көлігін сыйға тартқандар болды. Ақша деген орнымен келіп, орнымен кетіп жататын дүние ғой. Ең алғашқы табысым 20 млн теңге, айтыстан алған едім. Оған анама принтер әпердім. Тағы бірде 150 мың теңге айтыстан алған жүлдеме үйге шкаф алған едім.

Айтысқа жиі шықпауыңыздың себебі неде?

Айтыста бір айтарың немесе тура осы сөзімді жеткіземін деген мақсат болмаса бекерден бекер шыға беру дұрыс деп ойламаймын. Ағартушылық, елге жақсылық жеткізудің әртүрлі жолы бар. Айтыс біздің қанатымызды қатайтып берді. Әрі қарай түрлі жобамен жалғастырудамыз.

"Жан Сырым" жобасына тоқталсақ, ол кімнің идеясы?

Әндер арқылы проблеманы жеткізу деген дүние бұрыннан айтыста бар дүние. Сондықтан біз ойлап тапқан идея деп айта алмаймын.

Кейінгі кезде араларыңыздан Дәулет Бижановты көрмей жүрміз… Себебі неде?

Негізі "Жан сырым" жобасын Жандарбек аға екеуміз жасап жүрміз. Жандарбек ағамызбен бұрыннан шығармашылық бірлестіктеміз. Сөзін, әнін, мәселені өзіміз тауып жазамыз. Алайда халық бізден жалығып кетпесін деп ортамызды Дәулет ағамызды да шақырған едік. Қазір тек Дәкеңмен шектеліп қалмай, басқа да өнер иелерін шақырып, коллоборация жасасақ деген ниеттеміз. Жуырда, мысалы, Төреғали ағамызбен түсірдік.

Осы мәселелерді көтергеніңіз үшін жоғары жақтан қоңыраулар түспей ме?

Жоқ, ешқандай да қоңыраулар түспеді. Керісінше біз қозғаған мәселелер депутаттардың құлағына жетіп, көтеріліп жүргенін көзіміз шалып қалды.

Автор: Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064536-iritki-salusylardyn-areketi-edi-aitysker-syrym-auezxan-zursin-ermanmen-qarym-qatynasy-turaly-aitty/