Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда жер сілкінген кезде жүрекке операция жасаған дәрігерлер оны қалай сәтті аяқтаған

Опубликовано:

Ота
Ота жасап тұрған дәрігерлер. Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

Алматыда 4 наурызда болған жер сілкінісі кезінде Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында бір мезгілде төрт операция жасалып жатқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне институттың баспасөз қызметі өкілдері хабарлады.

Жер сілкінісі кезінде Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының кардиохирургтері Астанадан келген Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігерлерімен бірлесіп, науқасқа жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) имплантациялап жатқан, қарапайым тілмен айтқанда "жасанды жүрек" алмастырып жатқан. Екі рентген-операциялық блокта интервенциялық кардиологтер – жүрек артерияларына стенттер қойып жатқан. Ал аритмологтар – жүрек ырғағы бұзылған пациенттерге ем жүргізіп жатқан.

"Жер сілкінісіне қарамастан кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев, кардиохирург дәрігер Жанар Нұрбай, кардиолог дәрігер Салтанат Қасымбекова және астаналық дәрігерлер - ҰҒКО №2 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Светлана Новикова, кардиолог дәрігер Наиль Хисамутдинов және анестезиолог дәрігер Шаймұрат Төлегенов өз қызметін жалғастырды.

Сондай-ақ рентгенэндоваскулярлық оперблогының меңгерушісі, интервенциялық кардиолог Алексей Колесников, аритмологиялық қызметтің аға ординаторы Артур Абдымомунов, интервенциялық кардиолог, рентгенхирургтар Алмат Қалжанов, Нұржан Теменов және Арыстан Кужукеевтерді ерекше атап өтуге болады", - дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының баспасөз хатшысы.

хирургтер
Ота жасалып жатқан сәт. Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

Жер сілкінісі кезінде операция үстінде болған дәрігерлер кейін өз әсерін бөліскен.

"Мұндай сәтте өзіңді ойламайсың, себебі операциялық үстелде науқас жатыр. Сен оның өміріне жауаптысың. Сенің бар ойың пациентке операцияны сәтті орындап, аяқтау", - дейді олар.

Институт өкілдерінің айтуынша, жер сілкінісі кезінде дәрігерлерге арнайы әзірленген эвакуация алгоритмі бар. Бүкіл персоналмен инструктаж жүргізіліп тұрады дейді институт өкілі.

"Ал жансақтау бөлімшесінде ауыр науқастар жатады. Олар аппараттан ажырамауы керек. Әрине олардың жанында бөлімшенің дәрігерлері мен мейірбикелер қалады", - дейді ол.

Кеше, 4 наурызда жер сілкінісінен кейін қала халқы сағат 16:00-ге дейін ғимараттарға кірмей, қауіпсіз жерде болды. Аурухана қызметкерлері де дабылдан кейін пациенттерді қауіпсіз жерге шығарған. Бірер сағаттан кейін палаталарына ертіп кірген.

Ақ халаттылар жер сілкінісі кезінде қорқыныш болғанын, алайда мұндай кездерде дәрігерлерге сабырлық танытып, ісіне жауапкершілікпен қараған жөн екенін айтады.

"Дәрігерлер қызметтік борышына сәйкес әрекет етеді. Адам өміріне араша түсіп, өз жұмысын адал орындауға тиіс. Оларға ұйымшылдық, салқынқандылық, кез келген жағдайда дұрыс әрі тез шешім қабылдай білу сияқты қасиеттер тән, өйткені адам өміріне жауапкершілік алады", - дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064622-zer-silkingen-kezde-zurekke-operaciya-zasagan-darigerler-ony-qalai-satti-ayaqtagan/

pixel