Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйге кіруге қорқамыз": Атырауда "апатты" деп танылған көпқабатты үйдің тұрғындары дабыл қақты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Жарылып кеткен қабырға
Қабырғадағы жарық. Видеодан кадр: almaty.tv

Атыраулықтар тозығы жеткен үйде тұруға мәжбүр. Тұрғындар үй құлап қала ма деп қорқып отырғанымен, жергілікті билік әзірге көмектесе алмайтынын айтты, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Қала тұрғыны Серік Мұстафиннің журналистерге айтуынша, оның бұл үйде тұрып келе жатқанына 30 жылға жуықтаған. Осыдан екі апта бұрын үйінің төбесі опырылып, бір өлімнен аман қалған. Тұрғын үй ішінде жүріп-тұру мүмкін емес екенін айтады. Өйткені ас бөлмедегі қабырға құлағалы тұр, ал жатын бөлменің терезесі ашық-шашық, едені шөгілген.

"Үйге кіруге қорқамыз. Қалай қорықпайсың? Төбесі опырылып түсті, кафель құлады. Ауру болдым, тездетіп көшіруді талап етеміз. Үйге көп кірмеймін", - дейді тұрғын.

Тағы 10 отбасы осындай жағдайда тұрып жатыр. Жергілікті билік бұл мәселені біледі, бірақ шеше алмай отыр.

Әкімдіктегілер кондоминиум заңы бойынша әкімдік тарапынан көмек көрсетілмейтінін, тұрғындарды жаңа баспанаға көшіру әзірге мүмкін емес екенін айтты. Ол үшін тұрғындардың барлығының келісімі қажет.

"1945 жылы салынған пәтер 2023 жылы "апатты" деп танылған. Осы 8 пәтердің 6 тұрғыны келісіп, екеуі келіспей отыр. Алайда тұрғын үй қатынастары туралы заңының 67-бабына сәйкес, авариялық тәртіппен үй көшіріледі делінген. Бұл үкіметтің балансындағы пәтерлер емес, бюджет есебінен жөндеу жұмысы жүргізілмейді", – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Саясат.

Телеарна тілшілерінің мәлімдеуінше, қазір аймақта 22 мың азамат пәтер кезегінде тұр. Жауаптылардың айтуынша, үй беру мәселесі заңға сәйкес кезең-кезеңімен іске асады. Ал баспанасы "апатты" деп танылған бұл азаматтарға әзірге күте тұрудан басқа амал жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін тілшілеріміз Атыраудағы Авангард-3 ықшамауданында орналасқан №35 үйдің мәселесін көтерген еді. Тұрғындар үйге бюджет қаражатына терможаңғырту бағдарламасымен жасалған жөндеу жұмыстарының сапасына наразы екенін жеткізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064767-uige-kiruge-qorqamyz-atyrauda-apatty-dep-tanylgan-kopqabatty-uidin-turgyndary-dabyl-qaqty/