"Үйімізді бүлдіріп кетті": атыраулықтар бюджеттің 97 млн теңгесіне жасалған жөндеу жұмысының сапасын көрсетті
Жарияланған күні:
Атыраудағы Авангард-3 ықшамауданында орналасқан №35 үйдің тұрғындары бюджет қаражатына терможаңғырту бағдарламасымен жасалған жөндеу жұмыстарының сапасына наразы. Тұрғындар жөндеу жүргізілген үйді қабылдамағандарын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Пәтер иелері терможаңғырту бағдарламасымен жүргізілген жөндеу жұмыстарына басынан қарсы болған. Өйткені үй 1978 жылы эксперимент ретінде іргетассыз және жертөлесіз салынған. Барлық коммуникациялар бірінші қабатта жүріп жатыр. Онымен қоса бірінші қабатта бірнеше тұрғынның пәтері орналасқан.
"Үй 2000 жылы апатты болып танылды. Қазіргі кезде үшінші, төртінші подъездердің арасы ажырап жатыр. Терезе мен қабырғаның арасынан дала көрінеді. Қабырғалары сөгіліп, өмір сүруге өте қауіпті болып тұр. Сондықтан да біз жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естіген кезде жиналысқа қатысқанбыз. Сол кезде әкімдік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, "Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС қызметкерлеріне өз ұсыныстарымызды жеткіздік. Яғни, біз үйдің қауіп төндіріп тұрған кемшіліктерді жоюды талап еттік. Алайда уәдені үйіп-төгіп кеткен билік басындағылардан еш қайыр болмады. Мердігер мекеме үйді жөндеудің орнына керісінше қиратып кетті", - дейді Анастасия есімді тұрғын.
Терможаңғыртуды "Байтерек Каспий сервис" мекемесі жүргізген. Жөндеу жұмыстары 97 млн 733 мың теңгеге жасалған. Алайда, тұрғындардың айтуынша, құрылысшылар ең арзан құрылыс материалдарын пайдаланған, кафельдер аз уақыттың ішінде орнынан жылжып кеткен, сыртқы сылағы уақыт өте келе үгітіліп қалған, ал үйдің кіреберістеріне бұрын пайдаланылған ескі есіктерді қондырған. Тұрғындар жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көппәтерлі үй екі рет өртене жаздағанын айтады. Электр щиттің жануын тұрғындар өздері байқап, дер кезінде мамандар шақырған.
Жеті баланың анасы Гүлназ Күзембаева бірінші қабатта тұрады. Айтуынша, жөндеу жұмыстарын көшедегі қаңғыбастар жасағанына өзі куә болған. Терможаңғыртудан кейін үйдің қабырғалары жарылып, бөлмелердің төбесі көгере бастаған, арзан кафель жабыстырған, қабырғалар үгітіліп жатыр. Оған қоса "біз қабылдады" деп жалған қол қойғандарын артынан білдік. Шындығында, жөндеу жұмыстарының бітіп кеткенінен де хабарсызбын", - дейді үйдің тұрғыны Екатерина Давыдова.
Жеті баланың анасы Гүлназ Күзембаева бірінші қабатта тұрады. Айтуынша, жөндеу жұмыстарын көшедегі қаңғыбастар жасағанына өзі куә болған. Терможаңғыртудан кейін үйдің қабырғалары жарылып, бөлмелердің төбесі көгере бастаған.
"Міне, көріп тұрғаныңыздай, терможаңғыртудың сиқы осы. Ас үй бөлмесінің қабырғасы құлайын деп тұр. Үйге тышқан қаптап кетті. Мына подъездегі шіріген иіс үйімізге кіріп, қолқадан алады. Бұл үйдің жөндеуін көшеде жүрген қаңғыбастарға тиын-тебен беріп жасатқанын көзбен көрдік", - дейді тұрғын Гүлназ Күзембаева.
Халық жиналған жерге қалалық маслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және "Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС басшысы келді.
"Мердігер мекеме бір жыл кепілдік берген. Олар ешқайда қашып кеткен жоқ, басшысы қазіргі кезде Алматыда демалып жатыр. Барлық ақауды жөндейтін болады. Күн жылынысымен, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайды", - дейді "Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС басшысы Бауыржан Докумбаев.
Қоғамдық кеңес мүшелері өз кезегінде бұл мәселені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен кездесу барысында көтеретінін айтты. Ал тұрғындар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, Атырау облыстық әкімдігіне және Атырау облысының прокуратурасына арыз жазған. Осы мәселе бойынша комиссия тағайындалып, жалған қол қойғандар жазалануы керек дейді тұрғындар.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058784-uiimizdi-buldirip-ketti-atyrau-turgyndary-byudzettin-97-mln-tengesi-zumsalgan-zondeu-zumysynyn-sapasyn-korsetti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.