Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйелдердің іш киімін де тексерді": желіде Жетісудағы ауылға 40 көлікпен барған арнайы жасақ туралы видео тарады

Жарияланған күні:

Жетісу облысы
Жетісу облысы. Видеодан кадр: Telegram/egovpress

Әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарының қызметкерлері Жетісу облысындағы ауылға 40 автокөлікпен келіп, 12 үйді иесінің қатысуынсыз тінтті деген бейнежазба тарады. Видеода ауыл тұрғындары оқиғаның қалай болғанын айтып берген. Бұған қатысты облыстық полиция департаментінің ресми өкілі пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейнежазба Telegram-да пайда болды.

"Жетісу облысы Мұқан Төлебаев ауылына 40 көлікпен құқық қорғау органдарының қызметкерлері куәлерімен бірге келіп, 12 үйді иесінің қатысуынсыз тінткен. Қызметкерлер тіпті әйелдердің іш киімдерін де тексерген. Кейбірі есінен танып қалған. Жергілікті тұрғындар осылай дейді. Қазір ауыл дүрлігіп отыр", - делінген бейнежазба сипаттамасында.

Кадрда бірнеше адам оқиғаның қалай болғанын айтқан.

"35 көлік пе, 40 көлік пе... сонша көлік келді осы ауылға, жүк көлігі бар, арнайы жасағы бар, автоматпен, жігіттердің үйіне кіріп, қопарып, әйелдердің іш киіміне дейін тексерген. Ол сұмдық. Балықпен деді, балық болса, даланы, қораны тексер. Сосын есірткі іздеп кетті. Телефондарын қолынан тартып алды. Ешкімге видеоға түсіруге мұрша бермеді. Ол қай заңда жазылған? Мысалы, үйіңде тінту жасап жатыр ма, сен не істеп жатқанын көруің керек. Олай істемеді, бәрін далаға шығарып, суыққа тұрғызып қойды. Бір уақытта келіп, барлық үйге кірді. 12 үйді тінтті. Үш сағаттай тінтті", - дейді жергілікті тұрғындар бейнежазбада.

Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы бейнежазбадағы жағдай былтыр қарашада түсірілгенін айтты.

"2023 жылдың қарашасында облыста табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында "Браконьер" операциясы өтті. Полицейлер заңсыз балық аулаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Санкция бойынша тінту кезінде 50 тоннадан астам түрлі балық пен тіркелмеген 15 қару тәркіленді. Сот ұсталғандарға қатысты "қамау" бұлтартпау шарасын таңдады. Тергеу жалғасып жатыр", - дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы.

Жетісу облыстық полиция департаментіндегілер тергеу мүддесіне орай басқа ақпарат жария етілмейтінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064815-aielderdin-is-kiimin-de-tekserdi-zelide-zetisudagy-auylga-40-kolikpen-baryp-uilerdi-tintken-arnaiy-zasaq-turaly-video-tarady/