Таразда мемлекеттік бағдарламамен пәтер алған тұрғындар баспанасына кіре алмай отыр (фото)
Жарияланған күні:
Тараз тұрғындары мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа пәтерлеріне қоныстана алмай отыр. Олардың айтуынша, жаңа тұрғын үйде жылу, жарық, су не газ жоқ. "Ұлы дала" шағын ауданынан үлестірілген пәтер иелері ипотеканы да, жалдамалы пәтердің ақысын де төлеуге мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тараз тұрғындары мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотекамен алған жаңа үйлеріне коммуналдық желілер тартылмағанын айтады. Олар жаңа үйіне кіре алмағандықтан, жалдамалы пәтерлерде жан бағып отыр.
"Үй емес, қорап берді! Бұл пәтерлерді ипотекаға 14 жылға алып отырмыз. 14 жыл бойы 85 мыңнан төлейміз, шындығына келгенде. Қарызға алып отырған үйімізге кіре алмай отырмыз. Ең өкініштісі, ипотекаға да, жалдамалы пәтерге де ақша төлеп, екі рет шығындалып жатырмыз", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Ерғали Әбуғали.
45 пәтердің иесі "мәселемізге мердігер де, әкімдік те мән бермей отыр" дейді.
"Біз мердігерге барамыз. Мердігер әкімдікке жібереді. Әкімдік басқаға жібереді. Қайсысына барып не айтарымызды білмейміз?! Кімнен не талап етерімізді білмейміз. Бәрі бір-біріне сілтейді. Қашанғы далада қалтырап жүрмекпіз? Міне, әлі көшіп келе алмай жатырмыз", - дейді тараздық тұрғын Маржан Жүмірова.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил тұрғындардың сөзін жоққа шағарды. Ол жаңа баспанада коммуналдық желілер түгел тартылғанын айтты. Тек оларды қосу үшін тұрғындар толық қоныстануы керек деп отыр.
"Электр қуаты, жылу және су бәрі қосылып тұр. Ол жерде тек газ жоқ. Газ қосу үшін 80 пайыз тұрғын қоныстануы керек. Сол кезде бере аламыз. Ал су астынан барып тұр. Бірақ кей үйлерде су кетуіне байланысты уақытша тоқтатылған. Жақын маңдағы трансформатордан да жарық жеткізіп отырмыз", - дейді Қайрат Исмаил.
Айта кетейік, аталған ықшамауданнан пәтер алған тұрғындар бұған дейін де үй сапасына шағымданған.
Авторы: Дана Мұхарбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064771-tarazda-memlekettik-bagarlamamen-pater-algan-turgyndar-baspanasyna-kire-almai-otyr-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.