Алты бала тәрбиелеп отырған шымкенттік подполковник қызметі мен отбасын қалай қатар алып жүр
Жарияланған күні:
Елімізде нәзіктік пен сұлулық, қажырлық пен қайсарлықтың белгісі боп елге қызмет етіп, онымен қоса отбасының ұйытқысы боп жүрген аналар аз емес. Соның бірі Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің маманы, азаматтық қорғау подполковнигі - Нұрсұлу Асқарбекова. KAZ.NUR.KZ тілшісі еңбекте елеулі, шаңырақтың шырайы болған көпбалалы анамен тілдесті.
Нұрсұлу Асқарбекова - Шымкент қалалық ТЖД кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі. Алты баланың анасы. Жұбайымен бірге 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыш қызы биыл мектепті аяқтағалы отыр. Төтенше жағдайлар саласын таңдаймын десе қанатынан қақпай қайта қолдау білдіремін дейді көпбалалы ана.
Нұрсұлу Ахметбекқызы төтенше жағдайлар саласына 18 жасында келген. 2001 жылы Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөліміне радиотелефонист қызметіне кіріскен.
"18 жасымда осы саланы таңдауым…мен осы салада тудым десем де қате емес шығар. Себебі менің атам осы салада 35 жылдан астам қызмет атқарған, көзімді ашқалы мен осы саланы көріп өстім десем де болады. Атамнан кейін ағам, яғни әкемнің інісі де азаматтық қорғау жүйесінде қызмет атқарып, осы саланың ардагері атанды. Атам менен: "Өртке қарсы қызметте жұмыс істейсің бе?", - деп сұрағанда мен қуана келістім. Жұмысым өзіме қатты ұнайды, өрт туралы хабарламаларды қабылдау, ол бойынша нұсқама беру маған үлкен жауапкершілік жүктейді", - дейді Нұрсұлу Асқарбекова.
Төтенше жағдайлар саласы Нұрсұлуды өмірлік жолдасымен табыстырған. Нұрсұлудың жолдасы – Ғалымжан Мұратов та ТЖ қызметкері. Ол Тұран аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы қызметін атқарады.
Қиыншылығы мен қызығы алмасып жатқан қызметте Нұрсұлудың есінде қалған ерекше оқиға көп. Соның бірін әңгілемеп берді.
"Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында қызмет атқарып жүрген кезімде қасымдағы әріптесім шақыру қабылдап, өртке автокөліктерді жіберіп жатты. Мен рация арқылы нұсқама берейін деп мекенжай жазылған қағазды алып қарасам, өзімнің атам мен апамның үйі екен. Бастапқыда өз көзіме сенбей үйге хабарласа бастадым. Сол кезде қатты уайымдап, қобалжығаным естен кетпейді. Бірақ сол үйдегі жеңгем осал емес болып шықты. Газ бен жарықтың бәрін өшіріп, кішкентай баласын алып сыртқа шығып өрт сөндірушілерді күтіп тұрған екен", - деп еске алады ТЖ подполковнигі.
Алты баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып, отбасының берекесін ұйытып отырған Нұрсұлу Асқарбекова – жауапкершілігі жоғары маман. Өзінің мінсіз қызметі үшін І, ІІ, ІІІ, дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалімен, "Қазақстан полициясына 25 жыл" және "Өртке қарсы қызметіне 100 жыл", "Азаматтық қорғау жүйесіне қосқан үлесі үшін" төс белгілерімен марапатталған.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065242-alty-bala-tarbielep-otyrgan-symkenttik-podpolkovnik-qyzmeti-men-otbasyn-qalai-uiytyp-otyr/