Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Денсаулығы нашарласа, ешкімге қажет болмай қалады": гинеколог әйелдерді өзіне немқұрайлы қарамауға шақырды

Жарияланған күні:

Абай Нұркен
Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі Абай Нұркен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбедегі перинаталдық орталықта жылына мыңдаған келіншек ем алады. Ақ халаттылардың айтуынша, отбасы мен жұмыстың арасында шапқылаған келіншектер ауруы асқынғанша жүре береді. Халықаралық әйелдер күніне орай KAZ.NUR.KZ тілшісі облыстық перинаталдық орталықтың жедел оперативті гинекология бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Абай Нұркенмен тілдесті.

Дәрігерді әйелдердің денсаулығына немқұрайлы қарайтыны қынжылтады. Осы уақытқа дейін ауырып, орталыққа ем іздеп келген қыз-келіншектер арасында денсаулығы нашарлағаны себепті өмір сапасы да күрт төмендегені бар екен.

"Күнделікті бірнеше операцияға қатысамыз. Жоспарлы операциялар бедеулікке, аналық бездің түзілісіне, миомаға байланысты. Егде жастағы әйелдердің жатырының түсіп кетуі де аз емес. Бір жағдай болды. 38-40 жас шамасындағы келіншекке операция жасалды. Киста көлемі 30-40 см. Өскені соншалық, іші үлкейіп кеткен. Тексергенде одан онкологиялық дерт анықталды. Емделді. Бірнеше жыл өткеннен кейін ол әйелді кездестірдім. Жағдайы нашарлаған. Жақындары мен достарының қамқорлығынсыз қалған әйелдің қиын жағдайда екенін көрдім. Осындай хикаялар кездесіп тұрады. Ер адамдармен салыстарғанда әйелдің бейнеті көп. Сондықтан өзін күту керек", - деді Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықта жедел оперативті гинекология бөлімінің меңгерушісі Абай Нұркен.

Дәрігердің айтуынша, отбасы мен жұмыстың арасында шапқылаған келіншектер ауруы асқынғанша жүре береді.

"Алдын ала тексерілуге келетін адам аз. Жоқ та емес. Кейбір қыз-келіншек айына екі рет келіп, қаралады. Бұл дұрыс. Бірақ көп жағдайда бірнеше ай бойы ауырып, хәлі нашарлағанда келеді. Олар орта жастан асқан, 35-45 жастағы келіншектер. Ауырады, басы айналады, амалы қалмағанда ғана келеді. Кейбірі 2-3 ай қансырап жүре береді. Учаскелік гинекологке де бармайды. Әйелдер өз денсаулығын күтпейді. Көбіне өзіне көп міндет алады. Олар отбасын асырайды, ата-анасына қарайды, қоғамдағы орны бар. Өз денсаулығын кейінге ысырады. Ол дұрыс емес. Денсаулығын ойламай келіп, әлсізденген кезде ешкімге қажет болмай қалады. Адам бірінші өзіне құрметі болуы керек. Сол кезде оны басқа адамдар да құрметтейді", - дейді дәрігер.

Автор Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065509-densaulygy-nasarlasa-eskimge-qazet-bolmai-qalady-ginekolog-aielderdi-densaulyqqa-nemquraily-qaramauga-saqyrdy/