"Енеме және жарыма алғысым шексіз": погон таққан көпбалалы полицейлер қызметі мен жеке өмірі туралы айтты
Жарияланған күні:
Погон тағып, күн-түн демей қызмет етіп жүрген арулар арасында көпбалалы аналар да бар. KAZ.NUR.KZ тілшісі ошағын да сөндірмей, қызметінен де қалмай көпбалалы ана атанған полиция қызметкерлерімен сұқбаттасты.
Солардың бірі - Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкері, полиция майоры Гүлжан Құралбекова. Ол сегіз баланың анасы. Жұбайымен бірге алты қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Ішкі істер саласындағы қызметін ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы болып бастаған. 2004 жылдан бері көші-қон полициясы қатарында көші-қон қызметінің тұрақты дамуына ат салысып жүрген қызметкер. Майор шеніндегі полицей кеудесіне "Алтын алқа" белгісін де таққан батыр ана. Балаларымен мақтанатынын айтады.
"2010 жылы тұрмыс құрдым. Бүгінгі таңда алты қыз екі ұлдың анасымын. Үлкен қызым Кәусар Арманқызы алтыншы сынып оқушысы, еркін күрестен Түркістан облысы бойынша 42 кг салмақта бірінші орынды ұтып алып, биыл 9 сәуірде Петропавлда болатын республикалық чемпионатқа жолдама алды", - дейді перзентінің жеңісіне марқайған ана.
Гүлжан Құралбекова жұмысына да тиянақты. Көші-қон қызметінде жүріп талай жыл жақынынан көз жазып қалған жандардың қауышуына сеп болған сәттер болған.
""Әйелдің қырық жаны бар" деген бабалар сөзімен толықтай келісемін. Әйел қауымы мықты, олардың қолынан бәрі келеді. Ана адамды өмірге әкеледі де, оны өсіріп, дұрыс тәрбие беріп, қалыптастырады. Ел тұтқасын ұстар азамат болуына да үлесін аямайды. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру әйелдің мықтылығын көрсетеді. Менің қызметіме қолдау білдіріп жүрген екінші анам - енеме және асыл жарыма алғысым шексіз", - дейді полиция майоры. Шымкент қалалық полиция департаментінің кезекші бөлімінде қызмет ететін Оксана Фирсова да көпбалалы ана. Шымкенттік ару ішкі істер саласында 25 жылдан бері еңбек етіп жүр. Жолдасы екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр.
"Үлкен ұлым биыл 17 жасқа толады. Осы жылы университетке түскелі жүр. Егіз қыздарымның жасы он екіде. Кішіміз Даянаның жасы онда. Қыздарым полиция қатарында қызмет етеміз десе қуанар едім. Қызықты, керемет мамандық! Адамды отансүйгіштік, патриоттыққа баулитын мамандық. Менің анам кезінде Кеңес Одағы милициясы сапында еңбек еткен. Анамның жұмысына келген сайын формадағы қыздарға қарап қатты қызығатын едім. Полиция қатарында қызмет ету менің бала күнгі арманым болған. Бала арман мақсатыма жеттім десем де болады", - дейді Оксана.
Азаматтар полициядан көмек сұрағанда ең алдымен кезекші бөліміне хабарласатыны белгілі. Оларға сенім артады. Сондықтан да Оксана өзіне артылар жауапкершілік зор екенін түсінеді.
"Кезекші бөлімдегі қызметкерлер тек полицей ғана емес, психолог та бола білуге тиіс. Кейде медициналық та шұғыл көмек көрсетіп жатамыз. Ювеналды полиция қатарында қызмет етіп жүргенде болған бір оқиға есімнен кетпейді. Полиия бөліміне қолында бір айлық нәрестесі бар қыз келді. Баладан ресми түрде бас тартты. Ата-анасына айтудан қорықты. Біз ұзақ әңгімелестік. Қолдау көрсетіп, түсіндірме жұмысын жүргіздік. Бір айлық нәрестеге қатты жаным ашыды. Жүрегім ауырды. Біршама уақыттан кейін келіншек анасымен келіп сәбиін қайта алғысы келетінін айтты. Тастанды нәрестені анасына қайтаруға көмектестік. Осыдан кейін өзіме көпбалалы ана боламын деп сөз бердім. Бейкүнә сәбидің оқиғасы санамда сақталып қалды", - дейді Оксана Фирсева.
Оксана Фирсева қаңтар оқиғасының да ерекше есінде қалғанын айтады.
"Қаңтар оқиғасы қатты әсер етті. Сол түні біз кезекшілік бөлімде жұмыс басында едік. Қарапайым халықтың ең бірінші қорғаны полиция екенін одан сайын сезіндім", - дейді Оксана. 25 жылдан бері полиция қызметінде еңбек етіп келе жатқан көпбалалы ана отбасы мен жұмысты қатар алып жүрудің өзіндік қиындығы болғанын да айтады.
"Басында әрине, күйеуіме жұмысым аса ұнаған жоқ. Қазір қолдайды. Көмектеседі. Мақтан тұтады. Мен де жолдасыма ризамын. Балалар да өсіп қалды. Үй тіршілігін өздері-ақ дөңгелете алады. Әрине, үй тіршілігіндегі басты міндеттер өзімде. Балаларым қолғабыс", - дейді көпбалалы ана.
Айтпақшы, Шымкент қалалық полиция департаментінің кезекші бөлімінің инспекторы Оксана Фирсева қазақшаға судай. Екі тілде еркін сөйлеу елмен етене қызмет етуге үлкен көмек екенін айтады.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065659-eneme-zane-zaryma-algysym-seksiz-pogon-taqqan-kopbalaly-policeiler-qyzmeti-men-zeke-omiri-turaly-aitty/