Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жабылған атышулы ток-шоудың қонағы өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты

Опубликовано:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны: instagram.com/biraq_khabar/

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны "Хабар" арнасындағы "Бірақ..." бағдарламасында тиран күйеуімен күтпеген жерде тікелей эфирде жүздесуге мәжбүр болған. Қонақ болған әйел эфирден кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Бұл туралы "Қорғау Астана" дағдарыс орталығының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Орталық басшысы Анна Рыль видеосында әйелдің жағдайы жақсы екенін айтады.

Көбі "Г. қалай, қайда?" деп сұрап жатыр. Қазір ол балаларымен біздің орталықта тұрып жатыр. Өзі де жарады. Сонда да күнде жұмысына барып, балаларға қарау бойынша барлық міндетін атқарып жүр", – дейді орталық басшысы.

Ал бағдарламада күтпеген жерде тиран күйеуімен жүздесіп, терең күйзеліс алған әйел қолдау көрсеткен барша жанға алғысын білдірді.

"Көп стресс алдым, бірақ қазір жақсы болып келе жатырмын. Мені қолдап отырған адамдарға рахмет! Баршасына бақыт тілеймін", – дейді келіншек.

Бұл видеоны түсіруге оқырмандардың бағдарлама қонақтарына актер деп сенбегені, сондай-ақ тағы көптеген оқырманның әйелдің қазіргі жай-күйіне алаңдаушылық білдіргені себеп болған.

"Болған жайттан кейінгі алғашқы екі күн бойы бәріміз эмоциялық жағынан тұралап қалдық, одан кейінгі екі күнде бәріміз қатты жұмыс істедік, Г. осы жағдайға байланысты психологпен жұмыс істеді, оған қоса жұмысына барып жүрді, оның жауапкершілігі жоғары, қандай жағдай болса да сарбаздарға тән тәртіппен жұмысына барып жүрді", – делінген видео жазбасында.

Сондай-ақ орталық жетекшісі бес күн ішінде орталыққа 4 әйел мен 6 бала жүгінгенін айтты. Олар көмек алып жатыр екен. Олармен осы орталық мамандары жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін "Хабар" телеарнасында жаңадан ашылған "Бірақ..." бағдарламасында шыққан дау туралы жазған едік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны бағдарламаға қонақ болған. Ток-шоу редакторлары әйелге студияға күйеуі келмейтінін айтып, бет-әлпетін көрсетпеуге уәде берген. Алайда эфир кезінде студияға күйеуі кіріп келген.

"Хабар" телеарнасында болған келеңсіздікті Әйелдер мен балаларды қолдау орталығының басшысы Анна Рыль мәлімдеген еді.

"Тұрмыста 18 жыл болған әйелдің 6 баласы бар. Оны ішімдікке салынған күйеуі ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Ақыр соңында күйеуі оны ұрып, қолын сындырады. Шыдамы таусылған әйел кейін балаларын алып, Шымкенттен Астанаға кетіп қалады. Кішкентай үйді жалдап, жұмыс істеген, алайда үш ай бұрын күйеуі оны тауып алып, мас болып келіп жанжал шығарған. Көршілері полиция шақырып, әйел осы орталықты паналап келген.

Біздің Дағдарыс орталығы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмауға басымдық береді. Біз әйелмен үш ай бойы оның жағдайын түзеу үшін жұмыс істедік және қазіргі уақытта осы бағдарламаның кесірінен барлық күшіміз зая кетіп, әйел қатты күйзеліске түсті", – деп жазды орталық басшысы.

Қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға "Хабар" агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев та пікірін білдірді.

Артынша "Бірақ..." бағдарламасының Instagram-дағы парақшасында жүргізушілер қонақтан да, "Қорғау Астана" орталығынан да кешірім сұраған видеосын жариялады.

Бағдарлама төңірегіндегі даудан кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ток-шоу жабылатынын мәлімдеді.

Сенат отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев та осы жағдайға пікір білдіріп, "бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігінің назарында екенін, телеарна басшылығы мен министрлік барлық жауапкершілікті сезінетінін" айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2069991-zabylgan-atysuly-tok-soudyn-qonagy-ozine-qoldau-bildirgen-qazaqstandyqtarga-algys-aitty/

pixel