Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы 7 жасар қыздың өлімі: өгей шешесіне қатысты сот үкім шықты

Опубликовано:

Күдікті сот залында үкімді тыңдап тұр
Сотталушы. Фото: NUR.KZ/Айгерим Хамзина

Алматыда 7 жасар қыздың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушы – марқұм Карина Закураеваның өгей шешесі. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Үкімді Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Болатов шығарды.

Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде ("Жас баланы өлтіру") көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге тиіс.

Сотталушы 2023 жылғы 10 шілдесінен бері қамауда отыр. Қамауда отырған мерзімі 1,5 тәулікпен есептеледі. Сондай-ақ сотталушы 674 мың теңге сот шығындарын өтеп, жәбірленушілер қорына 30 АЕК – 103 500 теңге төлеуге міндетті.

Тараптар үкімге шағымдануға құқылы.

Судьяның шешімі жарияланған соң сотталушы сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Еске салайық, жеті жасар қыздың өгей шешесінің қолынан өлім құшқаны өткен жылдың шілдесінде хабарланды. Көршілерінің айтуынша, ерлі-зайыптылар жиі ұрысып, өгей шешесі мен әкесі қызға қол көтерген. Ал қыздың туған анасы баланы бір жасында тастап кеткен. Әкесі алып кеткенге дейін қыз әжесінің қолында болған. Кейін әжесіне қызбен жүздесуге тыйым салынған.

Сотқа қыздың әкесі куә ретінде қатысты. Ол азаматтық некедегі әйелі өгей қызын жиі ұрып-соққанын айтты. Бұған қоса қызға өзі де қол көтергенін мойындады.

Айыпталушы қайғылы жағдайға қатысты өз нұсқасын айтты. Оның айтуынша, ол қызды бағып-қағып, сыйлық сыйлаған, қыз бірінші күннен-ақ оны "мама", ал әйел оны "қызым"деп атап кеткен.

Сот отырыстарының бірінде судья сотталушыдан: "Кішкентай қызды кім өлтірді?" деп сұрады. Сотталушы "әкесінен басқа ешкім емес" екенін айтты, өйткені үйге ешкім кірмеген, ешкімді кілт болмаған.

Қыздың туыстары айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етіп отырғанын айтқан.

Бұған дейін күдікке ілінген әйел 7 жасар қызды өлтірмегенін, басқа бап бойынша жазаға тартылуға дайын екенін айтқан еді. Сотталушының адвокаттары қыздың өліміне әкесін кінәлаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2070021-almatydagy-7-zasar-qyzdyn-olimi-ogei-sesesine-qatysty-sot-ukim-syqty/

pixel