Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақша жинап бердік": Семейде ата-аналар жекенің қолына өткен балабақшаны мемлекетке қайтаруды талап етті

Жарияланған күні:

балабақша ғимараты
Балабақша ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейде жеке балабақшалардың бірінде ата-аналар шу шығарды. Олар өрттен зақым келген мекеменің әлі қалыпқа келтірілмей жатқанына наразы. Олардың айтуынша, басшылық бөлме жетіспегендіктен топтарды біріктіруге мәжбүр болған. Ал бөбектердің жас ерекшелігі ескерілмеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жекеменшік балабақша 17 ақпанда отқа оранған. Оқыс оқиға салдарынан екінші қабаттағы бөлмелерге зақым келген. Шулаған ата-аналар мекемеде бөлме жетіспегендіктен басшылық топтарды қосып тастағанын айтады. Алайда балалардың жас ерекшелігі ескерілмеген. Оның үстіне ішін кептіру үшін терезелерді ашып қойған.

"Біріншіден, жылу жүйесі әлсіз. Бөлмелердің іші +16 градус қана. Балалар ауыра бастады. Нысанның жылу жүйесін қарау керек. Қалтадан ақша жұмсалмаса, оны кім жасап береді? Егер қалпына келтіретін қаражат жоқ болса, онда мемлекетке берсін", - деді Семей қаласының тұрғыны Ракш Шумаев.

Оқыс жағдайдың болғанына бір айға жуық уақыт өтсе де себебі әлі анықталмаған. Қазір ата-аналар балаларына дұрыс көңіл бөлінбей жатыр дейді. Өйткені, олардың айтуынша, тәрбиешілер балабақшаның ішкі жұмысына жегіліп, бөбектер қараусыз қалатын көрінеді. Сондай-ақ нысанның жөндеу жұмыстарына да ақша жинап мезі болғандарын алға тартуда.

"Бізге өтініш болды. Жөндеу жұмыстарына ақша жинап бердік. Қыл аяғы құрылыс скотчын да ата-аналар сатып әперді. Сонымен қатар өртенген екінші қабаттың қабырғасын бояуға да автосатыны біз жалдап бердік. Қаражат біздің қалтамыздан шықты. Ал оны сырлау- әктеу жұмыстарына тәрбиешілер жұмылдырылды", - дейді Семей қаласының тұрғыны Ольга Бектемірова.

Жекенің қолына өткен алты жылдың ішінде балабақшаның әбден тозығы жеткен. Ата- аналардың айтуынша, жиһаздар мен балалардың ойын алаңы әлі жаңартылмаған. Ал мекеме басшылығы төсек-орындар мен жиһаздарға тапсырыс бергендерін жеткізді.

"Біз жаңа жиһазға тапсырыс бердік. Отқа оранған төсек-орын, матрацтардың бәрін жаңартамыз. Тағы да қатар тұрған екі топтың жиһазын жаңарту көзделген. Ойыншықтар да сатып алынады. Әзірге біз осы екі топты қалпына келтіріп жатырмыз", - деді балабақша басқарушысы Назгүл Омарова.

Сондай-ақ ата-аналарды сабырға шақырған басшылық олқылықтың орнын толтыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, аталған балабақшада 12 топ, 300-ден артық бөбек бар.

Ал балалардың өміріне алаңдаған ата-аналар мекеменің мемлекет меншігіне өтуін талап етуде. Білім басқармасы бұл мәселеге қатысты әзірге ақпарат берген жоқ.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2070267-aqsa-zinap-berdik-semeide-ata-analar-zekenin-qolyna-otken-balabaqsany-memleketke-qaitarudy-talap-etti/