"Құстұмсық, құдағи жүзік": алматылық зергер ұмытыла бастаған ұлттық әшекей бұйымдары туралы айтты
Жарияланған күні:
Соңғы уақытта елімізде ұлттық нақыштағы әшекейлерге сұраныс артып келеді. Десе де, алматылық зергер, дизайнер Абзал Молдабектің айтуынша, кей әшекей бұйымды тағу мәдениеті ұмытылып бара жатыр. Қолынан шыққан әр дүниесі қазақ халқының болмысы мен тарихынан сыр шертетін танымал зергер ұлттық әшекейлердің мән-мағынасы туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.
Алматылық зергер Абзал Молдабек соңғы уақытта ұлттық киім, әшекейлерге сұраныс артып келе жатқанын айтады. Зергердің сөзінше, қазақтың ұлттық бұйымдары қыз-келіншектер арасында трендке айналуы үшін әлі 5-10 жыл қажет болуы мүмкін.
"Жасы да, кәрісі де ұлттық әшекей бұйымдарды күнделікті өмірде тағып жүруді әдетке айналдырып жатыр. Жақсы бір деңгейге көтерілу үшін әлі де біраз уақыт керек. Адамдарда талғам қалыптасуы керек. Бұған дейін осы саламен айналысатын бәсекелес шеберлер өте аз болды. Сондықтан да көп адам базардан тек арзан дүниелерді алып келді. Қазір жаңашыл бұйымдар, әшекейлер шығып жатыр. Алдағы 5-10 жылда жақсы дүниелер шығып, трендке айналады деп ойлаймын", - дейді зергер.
Абзал Молдабек кез келген әшекей бұйымын жасаған кезде оған мән-мағына беруге тырысады екен.
"Ол жердегі өрнектің шығу тарихын, қай жерде қолданылатынын, бұрын қай жерде қандай әшекей етіп жасағанына дейін кішігірім зерттеп аламын. Бізде сақ заманында – "Алтын адам" кезеңінде кездескен өрнектер бар. Сондай әшекейлерді заманауи дизайнмен, жаңашыл бағытта жасап жүрмін. Әр затты тарихпен, мәдениетпен байланыстырып жасаймын", - дейді қолөнер шебері.
Осы тұста зергер қазір кей әшекей бұйымын тағу мәдениеті ұмытылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, батыс өңірлерде ғана ұлттық әшекейлерді тағу жақсы сақталған.
"Өкінішке қарай, қазір зергерлік өнер мүлде басқаша бағытта дамып жатыр деп айтсақ болады. Көбінесе Еуропаға, шетелге еліктеп жатыр. Бізде зергерлік әшекейлерді тағу мәдениеті батыс Қазақстанда жақсы сақталған. Әлі күнге дейін олар мерекелерде, той-жиындарда өңіржиек, қос білезіктерін тағып, әшекейленіп киінеді. Басқа өңірлерде ұмытылып бара жатыр. Нақтырақ айтсам, мысалы жігіттің қызға ұсыныс білдіргенде сыйлайтын арнайы жүзігі болған. Одан кейін ұзатылған қызға тағатын арнайы әшекейлер, сәукелесі, оның жанындағы білезік, алқасы болған. Одан кейін, мысалы, құда-құдағилар бір-біріне сыйлайтын құдағи жүзік деген бар. Қыздар тағатын құстұмсық жүзік бар. Әрқайсының өз мағынасы бар. Жалпы осы әшекейлерді өз орнымен сыйлайтын адамдарына беріп, өздері де мағынасына қарай таққан. Қазіргі күні тек оның әдемілігіне қарап тағып жатқан сияқты", - дейді зергер.
Оның себебі де бар көрінеді. Өйткені бұйым жасап шығаруда зергердің уақытын алатыны – дизайн екен.
"Оны жан-жақты зерттеп, сызып, одан кейін оны таққан кезде қаншалықты ыңғайлы-ыңғайсыз екенін зерттеп алған соң барып сатылымға шығарамыз, осы аралық өте көп уақыт алады. Мысалы, менің әшекейлерімнің арасында бір жыл бойы дизайнын жасағаным бар", - дейді Абзал Молдабек.
Зергер дизайнын ерекше етіп қағазға сызған соң, көбінесе оны қолданыстан табу қиынға соғатынын алға тартады. Сондай кезде зергер қымбат тастарды шетелден тапсырыс беріп алдыратынын немесе шикізатты өзі тауып өңдейтінін айтады.
Абзал Молдабектің қолынан шыққан зергерлік бұйымдарға әншілер мен танымал адамдардан сұраныс жоғары. Тіпті Қазақстанға қонақ боп келген шетелдіктер де қызығады екен.
"Елімізге қыдырып келген шетел азаматтары көбінесе сақт стилінде жасалған әшекейлерімізді ұнатып жатады. Мәдениетімізді, тарихымызды білген соң, қызығушылығы оянады. Сондай-ақ сыйлық ретінде де тапсырыс береді. Бізде шетелде жақсы бағаланатын табиғи тастар бар. Соларға қызығады", - дейді Абзал Молдабек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071770-qustumsyq-qudagi-zuzik-almatylyq-zerger-umytyla-bastagan-ulttyq-asekei-buiymdary-turaly-aitty/