"Кей елдімекенді су басу қаупі бар": төтенше жағдайлар вице-министрі Ақтөбе облысына барды
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов Ақтөбе облысы Шұбарқұдық ауылында жүр. Өңірде еріген қар суына байланысты төрт аудандағы жағдай қауіпті саналады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров БАҚ өкілдерінің алдында шығып, су тасқынына қатысты жағдайды баяндады.
"Жағдай тұрақты. Қазіргі таңда қауіп бар төрт ауданның кей ауылдарына су кірді. Зардап шеккен үй жоқ. 650 адам жұмыс істеп жатыр. Қосымша күш қажет болса үш мың адам дайын. Бүгін Темір ауданына барамын. Жағдай болатынын білдік. Қазгидромет үш сағат сайын мәлімет беріп отырады. Соған байланысты біз жоспар құрамыз", - деді Шахаров.
Ақтөбе облысында 21 наурыздан бастап ТЖД ғимаратында облыс әкімдігімен бірлесе жедел штаб құрылды. Жедел штаб тәулік бойы кезекшілік етеді.
Ақтөбе облыстық ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов те өңірге Темір ауданындағы жағдайды бақылау үшін арнайы келген.
"Жедел штабтың бақылауында екі жағдай тұр. Кеше Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында қар еріп, ауылды су басты. 5 үйге, 25 аулаға су кірді. Сонымен бірге ТЖМ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов келіп, Темір ауданында жедел штаб құрылды. Ол жерге қосымша 20982 әскери бөлімінен 54 адам, 6 техника барды. Қазір бөгеттерді нығайту жұмысы жүріп жатыр. Одан бөлек 4 вахталық көлік пен 10 мотопомпа жіберілді. Маңғыстау облысынан 52 адам 5 техника көмекке келіп жатыр. Вице-министр жедел штабты өзі басқарып отыр. Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылын су басты. 9 аулаға су кірді. Темірдегі жағдай қиындықтан өтті. Су 30 см төмен түсті. Ол жерде 4 мың қап қойылды. 200 тонна инертті материал бар", -деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2073609-kei-eldi-mekendi-su-basu-qaupi-bar-totense-zagdailar-vice-ministri-aqtobe-oblysyna-bardy/