Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мықты, төзімді: елімізде Қостанай жылқысын жандандыру жұмыстары қолға алынды

Опубликовано:

Қостанай жылқылары
Қостанай жылқылары. Фото: astana.tv

Елімізде жойылып кетудің алдында тұрған Қостанай жылқысының тұқымын жандандыру жұмыстары қолға алынды. Мамандардың басты мақсаты - бұл жылқы тұқымын сақтап қана қоймай, елде спорттық жарыстарға қатысуға қауқарлы жылқы тұқымын көбейту. Бұл туралы "Астана" телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Телеарнаның жазуынша, Қостанай жылқыларын 1951 жылы қазақ жылқыларын қалмық, Донецк, Стрелец, ағылшын-араб салт мінетін жылқылармен қосу арқылы алған. Бұл тұқымды жылқылар төзімді, ел климатына бейімделген, мықты боп келеді. Өкінішке қарай, мамандар еліміздегі салт мінуге арналған, спорттық жарыстарға қатыса алатын жалғыз әрі бірегей қостанай жылқылары жоғалып кетудің алдында тұрғанын айтып дабыл қағуда. 10 жыл бойы асыл тұқымды жылқылар санын көбейту жұмыстары тұралап қалып, қазіргі таңда бұл жылқылардан зауытта 48 басы ғана қалған, дейді олар. Тұқымды жандандыру мақсатындағы жұмыстар өткен жылы ғана қолға алынып, қазіргі таңда Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы "Байсерке" агрохолдингі, "Қобыланды" жылқы зауыты және "Қазақ тұлпары" компаниясымен өзара серіктестік жасау туралы меморандумға қол қойылған.

Қостанай жылқысын көбейту әрі түрлендіру үшін Алматыдағы "Қобыланды" жылқы зауытынан "Кумир" (салт мінетін асыл тұқымды ағылшын жылқысы) және "Триумф" деген (ағылшын және қостанай жылқыларынан алынған тұқым) екі асыл тұқымды тай "Қазақ тұлпары" зауытындағы биелермен шағылыстыру мақсатында әкелінді. Әрқайсысын 15 маусымға дейін қостанайлық 40 биемен шағылыстыру жоспарланып отырған көрінеді.

"2023 жылдың желтоқсан айында Меморандумға қол қойылды. Осы құжат аясында "Байсерке агро" бізге тұқымдық материал беруге тиіс болатын, қостанайлық жылқылардың тұқымын жақсарту үшін біз Элита санатындағы екі тайды әкелдік", - деп пікір білдірді ипполог Ахат Разақ.

Мақсат - алынған жылқы тұқымдарын әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстыру, дейді маман.

"Endurance race" нарығын дамытамыз деп ойлап отырмыз. Шыны керек, бұл жарыстарға араб жылқылары ғана қатысады, ал біз Қостанай жылқыларын қатыстырмақпыз. Олар бәсекеге қабілетті болады деп ойлаймыз. Біз мұны іс жүзінде көрсетсек, Қостанай жылқылары шетелде де сұранысқа ие болмақ", - дейді "Қобыланды" жылқы зауытының жылқы өсіру жөніндегі кеңесшісі Василий Мельников.

Мамандар болса, алдағы 11 айда жаңа тұқымды құлындар ала аламыз деп жоспарлап отыр. Ал бұл дегеніміз, тұқымның жарыстарғы қатысу қабілеті жақсарады, дейді олар. Ал негізгі мақсат - ел ішінде қостанайлық жылқыларды таныту, көбейту.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2073714-myqty-tozimdi-elimizde-qostanai-zylqysyn-zandandyru-zumystary-qolga-alyndy/

pixel