Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейдегі терактіге байланысты Қазақстанда сауда орталықтары мен концерт залдары тексеріле ме

Жарияланған күні:

Qazaqstan концерт залы
Qazaqstan концерт залы. Фото: facebook.com/RBQazaqconcert

Бүгін сенат кулуарында ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха "Крокус Сити Холлдағы" терактіден кейін Қазақстандағы сауда орталықтары мен концерт залдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіле ме деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Игорь Лепеханың айтуынша, Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес аумағы 500 шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтары, концерт залдары, барлық білім беру және денсаулық сақтау объектілері террористік тұрғыдан "осал нысандар" санатына жатады.

"Бүгінгі таңда біз осы нысандардың барлығын қосымша тексеру үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін тексерілген, нұсқау берілген нысандарға қорытынды тексеру жүргіземіз. Тексерілмегендері болса, қайта тексереміз. Қалғандары бойынша қарап, меншік иелерімен сөйлесеміз, нысандардың техникалық жағдайына да назар аударып, нұсқаулық береміз. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз ", - деді вице-министр.

Ол бұл ретте Қазақстанда 1 қаңтардан бастап елге келетін шетелдіктерден міндетті түрде саусақ ізін алу (дактилоскопия) енгізілгенін еске салды. Игорь Лепеханың сөзінше, бұл шара Қазақстанға кірмек болған 10 қылмыскерді анықтауға мүмкіндік берген.

"Крокус Сити Холл" ғимаратындағы теракт

22 наурызда кешке Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді.

Бұл оқиғадан кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады. Кейін оларға бұлтартпау шарасы таңдалды.

24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Соңғы мәлімет бойынша "Крокус-Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің салдарынан қаза тапқандар саны 140 адамға, зардап шеккендер саны 360 адамға жеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074674-reseidegi-teraktige-bailanysty-qazaqstanda-sauda-ortalyqtary-men-koncert-zaldary-tekserile-me/