Арқалық қаласы мен Қостанай облысының екі ауданында төтенше жағдай жарияланды
Жарияланған күні:
Қостанай облысының екі ауданында, сондай-ақ қалалардың бірінде төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ өңірлік Төтенше жағдайлар департаметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның Instagram желісіндегі ресми аккаунтында хабарланғандай, Қостанай облысында Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында төтенше жағдай жарияланған.
Қостанай облысы ТЖД ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 27 наурыздан бері Қостанай облысында еріген суды сору жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың күштері және құралдарымен бірге Жангелді және Амангелді аудандарында, Арқалық және Жітіқара қалаларында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Күштер мен құралдардың іс-қимылдарын бағыттау үшін облыстың оңтүстік өңіріне ТЖД бастығы полковник Қасым Қ.Ж. аттанған.
27 наурызда 21 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылған, оның ішінде: Арқалықта 6848 текше метр, Амангелді ауданында 4210 текше метр, Жангелді ауданында 10101 текше метр су сорылған, жағалауларға құм толтырылған 140 қап төселген.
"Күштер мен құралдардан барлығы 642 адам, 272 техника, 75 мотопомпа тартылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар, ҚР ТЖМ Қарағанды қаласы 52859 әскери бөлімі, ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша шекара қызметі жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Қостанай облысының оңтүстік өңірлеріндегі су тасқынының салдарын жою кезінде күштерді арттыру үшін Қызылорда облыстық ТЖД-дан 31 адамнан тұратын топ, 6 техника, 2 жүзу құралы және 10 мотопомпа жіберілген.
Сондай-ақ әуе маршымен Арқалық қаласындағы Сарыбас қыстауынан үш адам, Жұман қыстауынан 21 адам, оның ішінде 11 бала қайықпен эвакуацияланған.
Қазіргі уақытта Арқалық қаласындағы төрт қыстауда 15 адамды әуе көлігімен көшіру қажет.
Сонымен қатар ТЖД өкілдері Сары-Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Қайыңды ауылдық округі Қызылжұлдыз ауылының 100 тұрғын (ең алдымен әйелдер мен балалар) эвакуацияланып жатқанын айтты. Үш техника жұмылдырылған, жергілікті тұрғындардың өз бетімен қауіпсіз аймақтарға шығуы ұйымдастырылған.
Жергілікті маңызы бар "Шұбалаң-Қарасу" автожолында (Ақкөл ауылынан 18 шақырым жерде) қардың қарқынды еруінен және еріген судың ағыны салдарынан су жол жабынынан асып кеткен. Сондықтан екі елді мекенмен автомобиль қатынасы үзілген: Ақкөл ауылы және А.Байтұрсынов ауылы.
"Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бір жүкті әйелді алдын ала ауылдан алып шыққан. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Бұл учаскеде жергілікті билік тарапынан күзет ұйымдастырылды. Су тасқыны жағдайын бақылау жұмыстары жалғасуда", - делінген өңірлік ТЖД хабарламасында.
Бұл ретте ТЖД өкілдері Северный кентінің маңында даладан еріген қар суы жол жабындысынан асып кетіп, сол себепті 10 тұрғын үйді су басқанын айта кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074761-arqalyq-qalasy-men-qostanai-oblysynyn-eki-audanynda-totense-zagdai-zariyalandy/