Алматы әкімдігі өкілдері дауыл салдарынан қандай ғимараттарға зақым келгенін айтты
Жарияланған күні:
Қала әкімдігі Алматыда ауа райының күрт нашарлауынан қандай ғимараттарға зақым келгенін, бірнеше нысандарда жарық өшкенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, 28 наурызда кешкі уақытта Алматыда ауа райы күрт нашарлап, жауын-шашын болып, қатты жел соғып, салдарынан қалада 26 ағаштың құлағаны тіркелген. 29 наурыз таңға дейін барлық учаске тазартылып, құлаған ағаштар кесіліп, шығарылды.
"Түнгі кезеңде арық арқылы судың кедергісіз ағып кетуі үшін жұмыстар жүргізілді. Барлық арық өткелі тазартылды, су басатын орындарға 344 бірлік арнайы техника мен 163 жұмысшы жұмылдырылды. Қауіпті учаскелерде су басудың алдын алу мақсатында 953 қап инертті материал пайдаланылды", - делінген хабарда.
Сондай-ақ әкімдік өкілдері ауа райының қолайсыздығына байланысты "АЖК" желілері түнгі кезеңде 25 нысанда электр желісі ажыратылғанын, электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілгенін мәлім етті.
"ҚазТрансГазАймақ" АҚ желісі бойынша жарық 2 рет өшірілді, ағаштың құлағанына байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2024 жылғы 28 наурыздағы ауа райының күрт нашарлауы мен жылдамдығы 18-24 м/с дейін соққан қатты желден Ақсай-4 шағын ауданындағы №132 мектеп шатырының кей бөлігі ұшып кеткен. Мектеп 1988 жылы салынды, соңғы күрделі жөндеу 2007 жылы жүргізілді.
Мердігер ұйымдардың күшімен каникул аяқталғанға дейін шатырға жөндеу жүргізілетіні хабарланды.
Бостандық ауданындағы құрылыс пен менеджмент колледжінің шатырына аздап зақым келген. Оны ғимарат иелері қалпына келтіретіні белгілі болды.
Қоғыруларға жедел жуап беру мақсатында қаланың ТЖД-да жедел желі ашылып, "112"операторларының саны артты.
Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, зардап шеккендер жоқ.
Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
"Қазгидромет" РМК болжауынша, 29 наурызда 2 мм-ге дейін, 30 наурызда 8 мм-ге дейін жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
"Ағаштар көлікке құлаған жағдайда, ағаштың құлау фактісін тіркеу және оқиғаның сызбасын жасау үшін жол патрульдік полициясын шақыру қажет. Келтірілген залалды өтеу үшін залалдың құнын бағалау жүргізу керек. Сонымен қатар келтірілген залалды өтеуге жауапты адамды айқындау үшін мемлекеттік органдарға өтініш жазу арқылы сотқа дейінгі наразылық жұмыстарын жүргізу және қажет болса залал сомасын өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгіну керек", - деп ескертті әкімдік өкілдері.
Еске сала кетейік, кеше, 28 наурызда кешке Алматыда ауа райы күрт нашарлап, қою бұлт көшіп, жауын-шашын болып, жел күшейіп, қаланы шаңды дауыл басып қалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075133-almaty-akimdigi-okilderi-dauyl-saldarynan-qandai-gimarattarga-zaqym-kelgenin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.