Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үйін су басқан Ақтөбе тұрғындары мектептерге орналасты (фото)

Жарияланған күні:

мектеп
Мектеп. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында 73 үйге су кірді. Қаладағы төрт мектеп пен екі жеке балабақша және амбулатория ғимаратының жертөлесін су басты. Ақтөбе қаласында 53 мектеп су тасқынынан зардап шеккендерді қабылдауға дайын, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы №40 мектеп су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды қабылдап жатыр. Қала аумағындағы бау-бақша ұжымдарының тұрғындары кешеден бастап келе бастаған.

"Түнде 2:00 шамасында келдім. ТЖД қызметкерлері алып келді. Өзімнің үйім қар суының ортасында тұр. Анам сол маңнан үй алып еді, ол кісілердің де үйі қауіпті аймақта. Екі КамАЗ топырақ әкелді. Қауіп болған соң келіп отырмын. Екі баламмен келдім. Мектеп те барлық көмек көрсетіп жатыр. Бәрін көшірді. №26 мектепке апарды көбін. Біз №40 мектептеміз", - деді АЗХС-4 бау-бақша ұжымының тұрғыны Анаргүл Чавкина.

Мұнда 50 керует әзірленген. Жасөспірім балаларға психологиялық көмек көрсетіліп, бос уақытын тиімді өткізу шаралары қарастырылған.

Ал М. Арын атындағы мектепте жүзге жуық адам жеткізілген.

"Қарғалы бау-бақша ұжымынан кеше түстен кейін келдік. Қазір үйім суда тұр. Су деңгейі терезеге келіп тұр. Осымен үйім үшінші рет суға кетті. 2017, 2023 жылдары кетіп, биыл қайталанды. Былтыр үйіміз сыз басып, тұру қиындады. Биыл тек заттарымды шатырға шығардым, ал текниканың бәрі суда қалды", - дейді қала тұрғыны Жанаргүл Ізімова.

Мектепті паналаған тұрғындар ертең не болады деген сұраққа алаңдайды.

мектеп
Мектеп. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Маған қызығы, сыған сияқты келген адамдардың ертеңі не болады. Сыртымыз күліп отырғанымен, өзімізді жұбатып отырмыз. Жинап-тергеннің бәрі суға кетті. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық суда тұр. Не істейміз? Не жауап бар? Жылда суға кетеміз. Балалар өкпе ауруына шалдықты. Аяқ-қолымыз сырқырайды. Еңбек ардагерлері де, сәби де бар арамызда. Жүрміз. Жазда үш ай кептіріп, сүмірейіп, қайта үйімізге кіреміз. Біздің бау-бақша ұжымы Қарғалы өзенінің бойында орналасқан. Алты қанатты алтын үй керек емес. Бір үйге жететін құрылыс материалын берсін. Ең болмаса ай сайын ақысын төлейтін етіп, үй берсін", - деді тұрғын Шыныргүл Акбалиева.

М. Арынов атындағы мектепке Мұнайшы, Қарғалы, Құрылысшы бау-бақша ұжымдарынан адамдар жеткізілген.

"Мектеп асханасы жұмыс істеп тұр. Оларға демеушілер қажетті заттарды әкеліп жатыр. Гигиеналық заттары да бар. Мектеп тарапынан қосымша ойын бөлмелері ұйымдастырылды", - деді М. Арынов атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің директоры Жасұлан Жанайдаров.

Қала бойынша 73 үйге су кіру дерегі анықталды. Салдарынан 155 адам эвакуациялық пунктке орналастырылды. 18 эвакуациялық пункт 4 мыңнан астам адам қабылдай алады.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембиннің хабарлауынша, №8, 18, 63, 72 мектептің жертөлесіне су кірді. Бір мемлекеттік, 2 жеке балабақша жертөлесі мен Өрлеудің амбулаториясына су кірді.

балабақша
Балабақша. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ал облыстық ТЖД мәліметінше, өңірде 16 ауылмен байланыс үзілді.

"Бүгінде 15 жолды су шаю дерегі тіркелді. Бұл республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар. Облыста барлығы 8 жолды су шайды. Су өту, су шаюдың салдарынан 16 ауылға байланыс үзілді. Олар Қобда, Мұғалдар, Ойыл, Алға аудандарында. Қазіргі кезде 761 адам эвакуацияланды. Оның 328-і бала. Олардың 411-і эвакуациялық пунктке орналастырылды. 129 бас мал да қауіпсіз жерге жеткізілді. Қобда орталығында ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов бар. Ол бәрін өзі жеке бақылап отыр", - деді ТЖД алдын алу бөлім бастығы Тарас Коваленко.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарында және Ақтөбе қаласында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075277-uiin-su-basqan-aqtobe-turgyndary-mektepterge-ornalasty-foto/