Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда кісі қайтыс болған үйде қонақасыға жылқы, ірі қара мал союды шектеу ұсынылды

Опубликовано:

мешіт мұнарасы
Мешіт мұнарасы. Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстанда бұдан былай кісі қайтыс болған үйде мал сойып, қонақасы жасауға шектеу енгізілуі мүмкін. Осы мазмұндағы үндеу әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тарады. Онда имамдар қаралы үйде жылқы, ірі қара мал сою шариғатқа сай келмейтінін айтып, мәйіт жерленгеннен кейін елге зират басынан үйге тарауға шақырған. Бұған қатысты ҚМДБ өкілі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Үндеу мәтінінде күнделікті өмірдегі рухани-діни рәсімдер соңғы уақытта шариғат талаптарына сай келмейтін өзгеріске ұшырап жатқандығы жазылған.

"Мысалы, адам қайтыс болған кезде үйден туыстары қайғылы күйде шықпайды. Бірден жылқы, ірі қара мал сойып, хатым дастарханын әзірлеу үшін базар, дүкен аралап кетеді. Халықты жаназадан соң күту үшін дәмхана жағалап кету шариғатымызға сай шарт емес. Қазір халық осы мәселелерге шамадан тыс көңіл бөледі. Ал мұны жағдайы бар адамдар көтере алады, жоқ адамға өте ауыр жағдай. Бойға сіңген ой – мал сойылмаса, қонақасы берілмесе амал орындалмағандай сезінеді", - делінген үндеуде.

Үндеуде шариғатқа сай, кісі қайтыс болған қаралы үйде ірі қара мал, жылқы сойылмауы керек дейді.

"Қонақасы, хатым дастарханын жайып халықты күтуді шектегеніміз дұрыс. Жаназа оқылып, мәйіт жерленгеннен кейін, жергілікті халық зират басынан тарқау қажет. Яғни тек алыстан келген туыстарына ауқат жасаған абзал", - дейді авторлар.

Аталған үндеу республикалық онлайн-форумда қабылданған "Ас беру мәдениеті", "Зират және зиярат", "Жерлеу, жаназа рәсімдері" құжаттарын негізге ала отырып әзірленгені айтылған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы үндеуге қатысты пікір білдірді. Айтуынша, үндеуде айтылған мәселе талқыланып жатқаны рас, алайда заңды күші жоқ.

"Мұндай мәселе көтеріліп жатқаны рас. Бұл имамдардың бастамасымен, жамағаттың қолдауымен талқыға шығарылып отыр. Қазір осыған байланысты жамағаттың пікірін, көзқарасын білу секілді жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрине, бұл үндеудің заңды күші жоқ. Бұл ұсыныс, өтініш ретінде жасалып жатқан қадам. Бұл әуелі жамағаттың өз тарапынан жазылған дүние. Мешітке жиі келетін ақсақалдарымыз, апаларымыз бар. Сол кісілердің өтініштері негізінде осындай бастама көтеріліп, имамдар ұйытқы болып отыр. Имамдар жан-жақты осы үндеуді таратып жатыр", - дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы.

Ағабек Қонарбайұлының сөзіне сүйенсек, үндеудің мақсаты – халықты өлім-жітім кезінде артық шығынға батпауға шақыру.

"Әрине, халық мұны қабылдаса игі іс болар еді деген ойдамыз. Жалпы еліміз бойынша мешіттердің жанында арнайы құдайы асты ұйымдастыратын асханалар бар. Сол асханаларда діни басқарманың бекіткен арнайы ас мәзірінде ең қажетті тағам түрлері бекітілген. Мұндағы мақсат –құдайы асты беруде ысырапқа жол бермеу", - дейді ол.

Айтуынша, солтүстік өңірлерде бұрын жылқы, ірі қара мал етін мүшелеп әкелетін. Ал мүфтияттың бастамасынан кейін ірі қара малдың етін турап әкелетін болған.

"Турап әкелген кезде қазалы үй шығынға батпайды. Осылай ысырыптың алдын алып жатырмыз. Бұл қадам жан-жақты қолға алына береді. Осыған байланысты діни басқарма имамдардың кезекті форумында "Ас беру мәдениеті" және "Зират және зиярат ету мәдениеті" туралы құжат қабылдады. Бұл құжаттардың мақсаты да торқалы өлімде артық шығынға бармау, шариғат талап етпеген нәрселерді жасамау", - деп сөзін түйіндеді ҚМДБ өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074899-qazaqstanda-kisi-qaitys-bolgan-uide-qonaqasyga-zylqy-iri-qara-mal-soyudy-sekteu-usynyldy/

pixel