Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысында су тасқыны кезінде тағы бір адам жоғалып кетті

Опубликовано:

құтқарушылар
Құтқарушылар. Видеодан кадр: instagram.com/abaioblysytjd

31 наурызда Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Үржар ауданында 23 жастағы азамат тасыған өзенге батып кетті деген хабар түскен. Осылайша өңір құтқарушылары тасқын кезінде жоғалған төрт адамды іздестіріп жатыр. Өткен аптада Аягөз ауданында жоғалған үш адам әлі табылған жоқ, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

ТЖД мәліметіне сүйенсек, қазір Аягөз ауданында суға кеткен малшы мен екі тракторшыны іздеу жұмыстарына арнайы иттер мен Жетісудан келген құтқарушылар жұмылдырылған. Ал Үржар ауданында тасыған өзенге батып кетті деген азамат психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған.

"Қазір Абай облыстық ТЖД, облыстық полиция департаменті, әскери бөлім сарбаздары, жалпы жиыны 80 адам іздестіру жұмыстарына кірісті. Жедел шараға 5 техника, 4 жүзу құралы, 3 пилотсыз ұшу аппараты және жергілікті тұрғындар қатысуда", - дейді Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.

Ал өңір бойынша, екі елдімекеннің күре жолын қызылсу шайып, қатынас үзілген. Сондықтан мамандар Бозай, Кіндікті ауылының тұрғындарына керек-жарақты тікұшақ және қайықпен тасымалдауға мәжбүр. Құтқарушылар Көкпекті, Бородулиха ауданын тәуілік бойы бақылауға алды. Өйткені қардың көбесі сөгіліп, өзендерде су деңгейі көтерілген.

"Қазіргі таңда ең көп күш-құрал Көкпекті ауданына жұмылдырылған. 200-ден астам жеке құрам, 28 бірлік техника жүр. Көкжайық ауылында Көкпекті өзені арнасынан шығып, даладан келген судың көлемі көп болды. 15 аулаға су кірді. 106 адам көшірілді. Олар жергілікті мектепке орналастырылды. Оларға тасқыннан нақты қауіп төнген жоқ. Біз түнгі уақытта жағдай қиындауы мүмкін деп болжады", - деді Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.

Қазір Көкжайық ауылында аулаға кірген суды тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ Тассай ауылына баратын күре жолды су басып қалды.

Еске сала кетейік, Абай облысы Аягөз ауданында өзеннен өту кезінде жоғалып кеткен үш адамды іздеу жұмыстары жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077106-abai-oblysynda-su-tasqyny-kezinde-tagy-bir-adam-zogalyp-ketti/

pixel