"Жағдай күрделі". Зардап шеккен бір өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр
Жарияланған күні:
Қарағанды облысында тағы да су тасқыны қаупі төніп тұр. Бұл туралы жаңадан тағайындалған Қанат Бозымбаев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексеріп, арнайы жасаған сапарынан белгілі болды.
Премьер-министрдің орынбасары мен ТЖМ басшысы Қарағанды облысындағы өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты. Жағдай күрделі деп бағаланған: өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40 пайызында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген.
Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды.
"Барлық қажетті жұмыс жүргізілуде, дамбылар нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді. Штаб басшысының орынбасары ТЖ режимі жарияланған Шет ауданындағы жағдаймен танысты. Төрт ауылда – Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсалда 40 үйге су кірген, 292 адам құтқарылды, олардың 114-і бала. Қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталып келеді, кейбір тұрғындар үйіне қайтып келіп жатыр", - делінген хабарда.
Бозымбаевқа су тасқынының ауыр салдарының алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды. ТЖД мәліметінше, ең қиын кезең 29-30 наурызда болған. Қазір су қоймасы күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.
"Нұра мен Шерубай-Нұраның бас жағында қардың тез еруі басылды. Қар беті қалың емес. Нұра өзеніне қосылып жатқан артық су байқалмайды. Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандары аумақтарында су тасқынының шарықтау шегі өтіп кетті десе де болады", – деп баяндады ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.
Штаб басшысының орынбасары Шет ауданы ауылдарының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды Комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.
"Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады", — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына.
Қазір Штабтың басты назарында – Нұра өзенінің алаптары. Облыс әкімдігі елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында превентив шаралар қабылдап жатыр. Өз кезегінде Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдеріне Аршалы және Целиноград аудандарында су тасқынына қарсы күштер мен құралдар дайындау бойынша тапсырмалар берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077160-zagdai-kurdeli-elimizdin-bir-onirinde-su-tasqynynyn-ekinsi-tolqyny-bolzanyp-otyr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.