"Әкімдіктер болжамға назар аудармаған": экология министрі су тасқынының себебін айтты
Жарияланған күні:
Бүгін үкімет отырысында экология министрі Ерлан Нысанбаев наурыз айының ортасынан бері "Қазгидромет" су тасқыны туралы жүйелі түрде ескертіп келгенін, алайда әкімдіктер бұған мән бермегенін айтты. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалып, желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілді және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданды.
Сонымен қатар 15 наурыздан бастап бүгінге дейін "Қазгидромет" жүзден астам дауыл бойынша ескерту жариялады. Олар хабарлау схемасына сәйкес жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жіберілді және қазіргі кезде де жолдануда.
Алайда әкімдіктер бұл болжамға қажетті деңгейде назар аудармады. Осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақытылы алдын алу шаралары қабылданбады", – деп мәлімдеді министр Ерлан Нысанбаев.
Айта кетейік, үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов елдегі су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі екенін айтып, 5 облыс әлі де су басу аймағында екенін атап өтті.
Ал "Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлібаева министрлер кабинетінің кулуарында су тасқыны бойынша қай өңірлерге қауіп төніп тұрғанын айтты. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақтөбе және Қостанай облыстарында су деңгейінің жоғарылауы байқалады. БҚО-да трансшекаралық өзендер бойындағы аймақта су деңгейінің көтерілуі күтілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077385-akimdikter-bolzamga-nazar-audarmagan-ekologiya-ministrligi-su-tasqynynyn-sebebin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.