Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Су тасқынының шарықтау шегі әлі өткен жоқ": Бектенов қазақстандықтарға үндеу жасады

Опубликовано:

Олжас Бектенов су тасқынына байлнысты кеңес өткізді
Олжас Бектенов су тасқынына байлнысты кеңес өткізді. Фото: t.me/KZgovernment

Олжас Бектенов қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беруге шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ үкімет отырысына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет басшысының айтуынша, үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр. Олар су тасқынының ауыр зардаптарына сенгілері келмейді. Биыл бұрын-соңды су тасқыны болмаған жерлерді де су басты. Осыған байланысты премьер-министр үкімет отырысында қазақстандықтарға арнап сөз сөйледі.

"Қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Эвакуациялау – бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар сіздер үшін тер төгуде. Ал адамдарды құтқару – оңай жұмыс емес", – деді үкімет басшысы.

Күштік құрылымдардың қызметкерлері мен құтқарушылар шын мәнінде батылдық көрсетуде. Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алған. Қылмыскер ұсталды. Ақтөбе облысында тасқын жағдайында жүкті әйелді босандырып алуға тура келді – анасы мен жаңа туған егіздерді құтқарып қалды.

"Мен қазіргідей қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғысымды білдіргім келеді", – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар үкімет басшысы зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын айтты. Олжас Бектенов ведомстволар мен өңірлердің басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Үкімет отырысын қорытындылай келе, Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігі Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдауын тапсырды.

"Қазіргі жағдайда ең маңыздысы – азаматтарымыздың өмірі. Қажет болған жерде эвакуациялау жұмыстарын алдын ала жүргізу керек. Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орын алған су тасқынына назар аудара отырып, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су басып кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдасын. Орын алған қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды", - деді ол.

Олжас Бектеновтың сөзінше, ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет. Әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керек.

"Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тарту керек. Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін. Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077394-su-tasqynynyn-saryqtau-segi-ali-otken-zoq-bektenov-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/

pixel