Шымкентте көшеде бейтаныс әйелді теуіп жіберген ер адам бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды
Жарияланған күні:
Шымкентте көшедегі бейтаныс әйелді теуіп, қол көтерген ер адамға сот бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі өкілдері сотталушыға неге осындай жаза қолданылғанын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
13 ақпанда сағат 18.00 шамасында Шымкент қаласы Нұрсәт шағынауданындағы дүкен маңында болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеоны журналист Михаил Козачков Telegram-дағы арнасында жариялады.
Видеода дүкен алдында қаннен қаперсіз тұрған бейтаныс әйелді ер адам себепсіз арқасынан теуіп жібергенін байқауға болады. Онымен қоймай, жәбірленуші әйелдің бет тұсына жұдырық жұмсаған.
Қоғамдық орында бейтаныс әйелге қол көтерген 50 жастағы ер адамға Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігімен айып тағылған. Сот процесінде ол өз кінәсін толық мойындаған. Ер адам жасаған қылмысы үшін жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сотта прокурор сотталушыға бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
"Сотталушының кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сараптама қорытындысымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді. Сот О. онша ауыр емес қылмысты жасағанын және сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және оның үшінші топ мүгедектігі бар екенін ескерген.
Сот О.-ны бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады", - делінген қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077718-symkentte-kosede-beitanys-aieldi-teuip-zibergen-er-adam-bir-zyl-bas-bostandygyn-sekteu-zazasyn-aldy/