Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үш күн, үш түн алысып жатырмыз": су басқан Құлсары қаласынан түсірілген кадрлар жарияланды (видео)

Опубликовано:

Құлсары қаласы
Су басқан Құлсары қаласы. Видеодан кадр: azh.kz

Атырау облысы, Жылыой ауданында су тасып жатыр. Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан келетін табиғи су Жылыой ауданына қатер төндірді. Үш күн, үш түн бел жазбай күрескен жылылойлықтардың әрекетіне қарғын су бой берер емес, деп хабарлайды "Ақжайық" басылымы

Басылым мәліметінше, 4 сәуірде ауданда төтенше жағдай жарияланды. Аудандағы 20 мектеп онлайнға көшіріліп, 20 балабақша уақытша жұмысын тоқтатты. Қарағай ауылы мен Құлсарыдағы "Болашақ" ықшамаудан тұрғындары эвуакацияланды. 

5 сәуір күні Құлсары қаласында сирена іске қосылып, "Жадырасын", "Аэропорт", "Екінші", "Үшінші", "Төртінші" ықшам аудандарынының тұрғындарын Жем өзенінің қауіптілігіне   байланысты балалар, әйел адамдар, науқас жандар, 1, 2, 3-топтағы мүгедектерді 1, 5, 6, 8, 9, 16, 18 мектептерге орналастыру қолға алынған.  

"1993 жылы Құлсары суға кетіп, мыңдаған үй жарамсыз болып қалған еді. Ол кезде топан сумен бірге жаңбыр жауып жағдайды қиындатып жіберген. Бірақ дәл осындай су келген жоқ, бұл өзгеше... Үш күн түнімен қарғын сумен алысып жатырмыз. Негізі әкімшілік о баста табиғи судың қауіптілігі жоқ деп сендіруімен халық қамсыз отырды. Су келіп, қауіп төне бастағанда іске кірістік. Алғашқы күндері техника, қапшық, күрек жетіспеді, жанар, жағармай тапшы болды. Осы жерде мыңдаған адам жұмыс істеп жатса да топан суға тосқауыл бола алмай жатырмыз. Бірақ адам күші жеткіліксіз. Әбден жағдай ушыққасын аудандық әкімшілігі мекемелерге хат жазып, адамдармен көмектесу жөнінде хат жолдады. Вахтада жүрген жігіттер ақысыз күн алып келіп жатыр", - дейді тұрғындар.

Жем өзенінен шыққан су Құрсай өзегі (Құлсары қаласының ішімен) арқылы Қамыскөлге құяды. Осы Құрсай өзегіндегі шабылмаған қамыс пен толған қоқыстардан су кетпей, қалаға қауіп төндіруде. Әсіресе, көпір маңындағы қоқыстар тазартылмаған. Тіпті "Достық" пен "Бесінші ауыл" тұрғындарын байланыстырып тұрған автомобиль жолы көпірі жарамсызданып, ақыры оны алып тастауға тура келген. Құрсай өзегі сумен толды, қатар-қатар қапшық қойылғанымен әлсін-әлі су бұзып кетуде. Қаланың қақ ортасындағы стадион суға кете бастаған. Тіпті өзек бойына төселген төсемтастарға су шығып кеткен. Тасқын сумен арпалыс әлі жүріп жатыр.

Кеше "Атырау-Доссор-Құлсары" бағытындағы Шоқпартоғай ауылы тұсындағы асфальт жолды су басып, қаламен қатынас тоқтады.

"Енді осы асфальт жолды жыру жөнінде шешім қабылдапты. Біз бұған ауыл халқы болып қарсымыз. Науқас жандар, жүкті әйелдер бар, оларды Құлсарыға қалай жеткіземіз. Бұл жолды бұзғанынан еш пайда көрмей отырмыз", - дейді Шоқпартоғай ауылының тұрғындары.

Бүгінде ТШО, түрлі мекеме, кәсіпкелердің демеушілігімен қажетті құралдар, техника, азық-түлік ұйымдастырылуда. Бірақ жылыойлықтар үкімет тарапынан жеткілікті көмек болмай, суға кетіп қаламыз деген үрейде отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079752-us-kun-us-tun-alysyp-zatyrmyz-su-basqan-qulsary-qalasynan-tusirilgen-kadrlar-zariyalandy-video/

pixel