Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалған ақпараттар таратпау қажет": Тоқаев блогерлерге үндеу жасады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі апатты жағдайға байланысты ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азамттарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет.

Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын", - деді президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады.

Қазақстан президенті өз сөзінде зардап шеккен өңірлерде әкімдіктер мен мыңдаған ерікті жұмыс істеп жүргенін айтты. Тоқаевтың сөзінше, қазіргі су тасқыны – Қазақстандағы 80 жылдағы ең ауқымды су тасқыны.

"Біз қиындықты еңсереміз, бәрін қалпына келтіреміз. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарымызға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Материалдық шығындарды өтейміз", - деді президент.

Тоқаев Қорғаныс министрлігіне су тасқыны аймақтарына қосымша әскери күш жіберуді, ал үкіметке материалдық резервтерді броннан шығаруды бұйырды. Ел басшысы су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына мемлекет материалдық шығындарды өтеп беретініне сендірді.

Сондай-ақ бүгін президент Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен телефон арқылы сөйлесті. Облыс басшысымен сөйлесу барысында президент ешқандай отбасы, бірде бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді және оларға өзінің жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды.

Бұған қоса мемлекет басшысы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесіп, су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты. Бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті.

Еске салайық, биылғы наурыз айының аяғынан бері Қазақстанның көптеген өңірінде су тасқыны болып, мыңдаған адам эвакуацияланған. Президент Батыс Қазақстан облысындағы су басқан аймақтарға жұмыс сапарымен барып, халықпен кездескен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079983-zalgan-aqparattar-taratpau-qazet-toqaev-blogerlerge-undeu-zasady/

pixel