"Тірі деп үміттенемін": сотта Нүкенова қаза болған түні жұмысшы мен BAU қызметкерінің алмасқан хаты оқылды
Жарияланған күні:
Астанада өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы жалғасуда. Бүгін қайғылы жағдай болған түні BAU мейрамханасында жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкерден жауап алынып жатыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сегізінен тоғызыншы қарашаға қараған түні мейрамханада жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкерлер ерлі-зайыптының арасындағы жанжалға куә болған. Олар Нүкенова пен Бишімбаевты көріп, VIP-бөлмедегі шуды естіген.
Сот отырысы барысында қайғылы жағдай болған түні жұмыс істеген дизайнер Данияр Мейірбековтен жауап алынды. Ол түнде мейрамхана әкімшісіне жазып, болған жайт туралы хабарлаған.
"Директор қайтадан қайтып келді. Олар VIP-бөлмеде отыр (одан кейін бояу жұмыстарының суретін жібереді). Қабырғаның екінші жартысын жасатпады. Қуандық қатты ашулы. VIP бөлменің тас-талқанын шығарып жатыр ғой деймін. Әйелі тірі шығар деп үміттенемін. Маска шоу жасап жатыр. Оның үстінде пиджак қана бар. Біз кетіп бара жатқанда мүлікті қиратып жатты. Біз кетіп қалдық. Әйелі екеуі қатты мас", - деп жазды Мейірбеков мессенджерде.
Мейрамхана әкімшісі оған таңертен жауап берген. Ол "кетіп қалғандарың дұрыс болған" деп жазған. Сөзінше, Бишімбаев мейрамханадағы шыныны шағып тастаған.
Куәгер ерлі-зайыпты арасындағы жанжалды өз көзімен көрмегенін жеткізді. Себебі айқай-шу VIP-бөлмеде болған. Мейірбеков Бишімбаевтың екі рет шыққанын ғана көрген. Сөзінше, экс-министр олардан оттық сұраған.
Куәгер бастапқыда ерлі-зайыптының әңгімелесіп отырғанын ғана естіген. Оның айтуынша, көбінесе Салтанат Нүкенова сөйлеп отырған. Алайда оның айқайлағанын естімеген.
Ал Бишімбаев келіншегіне дауысын көтеріп сөйлеген. Сағат таңғы 4 шамасында VIP бөлмеден "бос шелекті теуіп жатқандай дыбыстар" естілген. Жөндеу жұмыстарын жасаған қызметкерлер таңғы 7 шамасында мейрамханадан шығып кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081345-tiri-dep-umittenemin-nukenova-qaza-bolgan-tuni-bau-qyzmetkerleri-ne-turaly-soileskeni-belgili-boldy/