Атыраулықтар жаппай билет алып қауіпсіз жерге кетуге қамданып жатыр
Жарияланған күні:
Атырауға су басу қаупі төнді. Облыс бойынша төтенше жағдай жарияланды. Тілсіз жаудан қорыққан жергілікті халық киім-кешек пен құжаттарын жинап, басқа өңірлерге жаппай билет сатып алуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Атырауға жұмыс сапарымен келген вице-премьер Қанат Бозымбаев жедел штабтың отырысын өткізіп, 7 сәуірде Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл атыраулықтарды одан сайын үрейлендірді. Біреулер жаппай билет алып жатса, енді бірі – заттарын жинап, "дабыл" сөмкесін дайындауда.
"Үйдегі барлық техниканы орап қойдық. Керекті киімдерімізді бір сөмкеге салып жинап жатырмыз. Ақтау қаласынан алдын ала пәтер жалдап, ұшаққа билет алдым. Жаман айтпай жақсы жоқ. Балаларым тым кішкентай болғасын қауіпсіз жерге кетеміз деп шешім қабылдадық",- дейді қала тұрғыны Әмина.
Атыраулықтардың көбі Ақтау қаласына кетуді көздеп отыр. Атырау-Маңғыстау бағытындағы жолаушылар пойызына алдағы бір аптаға сатылымда санаулы билет қалған. Кейбір күндерге тіптен билет жоқ. Ақтауға дейінгі әуе билеттерінің бағасы шарықтап тұр – 49 мың теңгеден басталады. Астана бағытына билет саны азайған. Ең төменгі баға – 60 мың теңгенің шамасы.
"Жолдасым "Тенгизде" вахтада. 4 баламен қалада қалуыма үзілді-кесілді қарсы. Жер үйдегі заттарымызды корпусқа көшіріп, өзіміз Астана қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Желіде әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Балаларым үшін қоқыныш бар. Сондықтан барлығы басылғанша қаладан кетеміз",- дейді тағы бір тұрғын Маржан.
Төтенше жағдай жарияланғанмен, Атырау қаласындағы мектептердегі сабақтар офлайн форматта өтіп жатыр. Дегенмен баланы сабаққа қатыстырмай, қауіпсіздік үшін басқа қалаға уақытша қоныс аударып жатқандар мектеп басышысының атына түсініктеме жазады.
Төтенше жағдай режиміне байланысты онлайн оқытуға тек Х.Досмұхамедова атындағы Атырау университеті көшкен, деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов. Оның айтуынша, жоғары оқу орындары да апатпен күреске тартылған.
"Студенттер гуманитарлық көмектерді таратуға жәрдемдесуде. Су басқан өңірлерде еріктілер топтары жасақталды. Олардың саны бес мыңнан асады. Көмек көрсетуге ниетті жастар саны күн сайын артып келеді", - деп мәлімдеді вице-министр.
Қазіргі кезде Атырау қаласындағы кей мектептердің спортзалдары мен жоғарғы оқу орны жатақханалары тұрғындарды эвакуациялауға орындар дайындап қойды. Облыстық жедел штабтың ақпаратына сүйенсек, ол орындар су тасқыны болған Жылыой айданы тұрғындарына дайындалған. Алайда әзірге ол орындарға ешкім орналастырылмаған.
Облыс басшылығы су тасқынына қарсы бөгеттер соғылып, жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқанын айтып, халықты дүрлікпеуге шақырды.
"Жағалауды бекіту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Ірі компаниялардан бөлек қарапайым халықтың көмегі зор. Төтенше жағдай режимі Атырау облысында мемлекеттік органдар мен түрлі ведомстволар арасында іс-қимылды үйлестіру әрі алдағы су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейту үшін жарияланды. Сондықтан халықтың дүрбелеңге салынуына себеп жоқ. Барлық ахуал менің жеке бақылауымда",- деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081879-atyraulyqtar-zappai-bilet-alyp-qauipsiz-zerge-ketuge-qamdanyp-zatyr/