Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысына су тасқынынан келген шығын болжам бойынша 51 млрд теңгеден асады

Опубликовано:

су басқан Берсиев ауылы
Су басқан Берсиев ауылы. Фото: ауыл тұрғындарынан

Бүгін Ақтөбе облыстық мәслихатының кезектен тыс он екінші сессиясында көктемгі су тасқынынан келген болжамды шығындар айтылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Алдын ала болжам бойынша облысқа су тасқынынан 51 млрд теңге шығын келген. Қаражат бүлінген тұрғын үйлер, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар, көпірлер, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеуге немесе қайта салуға қажет.

Мәселен, облыс жолдарында 25 учаске бүлінген. Оның ішінде облыстық, аудандық маңызы бар 12 көпір бұзылған. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, шығындарды өтеу үшін республикалық бюджеттен қаржы сұралады.

"Су тасқыны салдарынан тұрғын үйлер, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар, көпірлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар зақымданды. Қажет қаржы көлемі 51 млрд теңгеден астады. Қаражат 529 тұрғын үй, коммуникация инфрақұрылымын салуға қажет. 22 млрд теңге – өтемақы төлеуге, 10,2 млрд теңге – облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге, әлеуметтік нысандарды жөндеуге – 7,5 млрд теңге, мал шығыны үшін өтемақы төлеуге – 2 млрд теңге", - деді Ақтөбе облысы Қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев.

Оның айтуынша, қазір Қаржы министрлігінде су тасқыны салдарын жою жөнінде іс-шара жоспары бекітілді.

"Сол жоспарға сәйкес, әр салалық басқарма министрлікпен жұмыс жүргізіп жатыр. 40 млрд теңгені республикалық бюджеттен бөлу туралы ұсыныс енгізіп отыр. Осылайша облыстық бюджет резервінен 10 млрд теңге бөлу қажеттілігі туындайды. Оның ішінде 916 отбасына 3,6 млрд теңге қаржылай өтемақы төлеу, әлеуметтік нысан ғимараттарын қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге жұмсау жоспарда. Қазір барлық аудан мен Ақтөбе қаласында комиссия құрылды, жұмыс басталды. Бағалау жұмысы жүріп жатыр", - деді ол.

Өңірде Ақтөбе қаласы және Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарының аумағын су басуына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялады.

Тұрғын үй, кәсіпкерлік нысандардан бөлек мал шығыны да аз емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай өңірдегі мал шығыны туралы алдын ала дерек келтірді.

"Бүгінгі таңда малдың өлім-жітіміне қатысты 10170 жағдай тіркелді. Дегенмен оның бәрі – алдын ала болжам. Қазір біз үш мыңнан астам мал басын анықтап отырмыз. Шығын болған мал бойынша қазір үш түрлі тізім жасалып жатыр. Біріншісі – құжаттары түгел, өлексесі бар, көзбен көріп тұрған мал тізімі. Екіншісі – өлексесі бар, иесі бар, бірақ сырғасы жоқ, түсіп қалған мал тізім. Үшіншісі – суға ағып кеткен мал. Қалай анықталып, қалай қайтарылатыны алдағы уақытта шешіледі. Ветеринария мамандары барлық ауданда жұмыс істеп жатыр. Кеше 1223 бас жинап, жойды. Бізде инсинератор бар. Оның қуаты аздау болған соң Астанадан премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің араласуымен үш тонналық инсинератор алдырып жатырмыз. Жолда келе жатыр. Қалған өлексені жинап, өртеуге мүмкіндік болады", - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Сессияға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қолдау көрсеткен өңір тұрғындарына алғыс айтты. Сонымен қатар қаладағы сегіз өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары қайта қаралатынын айтты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2082329-aqtobe-oblysyna-su-tasqynynan-kelgen-sygyn-bolzam-boiynsa-51-mlrd-tengeden-asady/

pixel