"Тізесімен жүрегінен тепкен": Ақтөбедегі спорт мектебінде қайтыс болған оқушының әкесі мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі олимпиадалық резерв мектебінде қайтыс болған жасөспірімнің әкесі Қайрат Қайназаров ұлы әлімжеттіктің құрбаны болғанын мәлімдеді. Бұл туралы марқұмның әкесі Sputnik Қазақстан агентігі тілшісіне берген сұхбатында айтқан.
Басылым жазуынша, марқұмның әкесі Қайрат Қайназаров баласының ажалы адамнан келгенін айтады.
"Балам Бексұлтан – егіздің сыңары. Бес қыздан кейін Алладан сұрап алған ұлдарым. Егіздерім Бексұлтан мен Ерсұлтан спорт мектебінде бірге оқиды. Екеуі де – еркін күрестен спорт шеберіне кандидат. 2022 жылы Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданған. Бұл мекеме олимпиадалық резервте, балалар жатып оқиды", - дейді Қайрат Қайназаров.
Әкесі қайғылы оқиға 11 сәуірде болғанын, сағат кешкі 18:00-ден кейін жатақханадағы барлық қызметкер жұмысынан кеткен соң, оқушылар өз шаруасына кіріскенін айтқан.
"Жоғарғы сыныптың оқушылары, 10-сынып, 9-сынып, колледждің балалары бәрі жиналып, 10 баланы бөлмеге кіргізіп алып әлімжеттік көрсеткен. Сондағысы бұлардан дөнерге ақша талап еткен, бұлар бермеген. Сол жерде соққыға жыққан", - дейді Қайрат Қайназаров.
Әкесі "балам соққыдан қайтыс болды, ал ғаламторда айтылған басқа ақпараттардың барлығы жалған" деп отыр.
"Барлық 10 баладан кеше полицияда жауап алды. Соққы баламның жүрегіне тиген, тіземен жүрегінен тепкен, сарапшы тамыры жарылып кеткен деді", - дейді марқұмның әкесі.
Бексұлтанның бауыры Ерсұлтан да бірге таяқ жеген. Бауыры дәл көз алдында құлаған.
"Ерсұлтанның жағдайы қазір нашар. Бәрі көз алдында болған. Баламның психикасы аяқасты бұзылып, ауырып жатыр. Ұрған балалар, қасында тұрған балалар, тәрбиеші, директор, бәрі өз жазасын алсын. Бұл – әлімжеттік 10 күнде бола қойған дүние емес, бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан жүйе", - дейді қайғыдан қан жұтқан әке.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ спорт мектебінің қызметкерлеріне қатысты мiндеттерiне адал қарамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін 11 сәуірде Ақтөбеде 8-сынып оқушысы құлап, есінен танып қалған. Жасөспірім жедел жәрдем көлігінде көз жұмғаны белгілі болған еді.
Кейін полиция өкілдері оқушының өліміне қатысты бар деген күдікпен жасөспірім ұсталғанын хабарлады.
Сондай-ақ, облыстық ПД өкілдері Ақтөбеде олимпиадалық резерв мектеп-колледжіндегі оқушы өлімі үш қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085269-tizesimen-zureginen-tepken-aqtobedegi-sport-mektebinde-qaitys-bolgan-oqusynyn-akesi-malimdeme-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.