"Анасының жеке балабақшасын конкурсқа қатыстырған": Ақтөбеде қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен кетті
Жарияланған күні:
Ақтөбеде қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы сот шешімімен әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 350 мың теңге айыппұл салынды. Қалалық білім бөлімінің экс-басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамау бойынша айып тағылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Іс Антикор тексерісі негізінде Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықтық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Лауазымды қызметкердің әрекеті сотпен дәлелденіп, оған 345 000 теңге айыппұл төлеу міндеттелді.
Сот шешіміне келіспеген лауазымды қызметкер Ақтөбе облыстық сотына шағым түсірген. Оның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
"Сот отырысында анықталғандай, 2022 жылдың 30 желтоқсанында азаматша М. Ақтөбе қаласының білім басқармасының басшысы бола тұрып, мектепке дейінгі тәрбиеге мемлекеттік білім тапсырысын алу бойынша конкурсқа өзінің анасы құрылтайшысы болған жеке балабақшасын қатыстырып, шешім қабылдаған кезде мүдделер қақтығысының қарама-қайшылығына жол берген. Азаматша М.-ның ауырлататын мән-жайлары анықталмағаның және баптың санкциясында балама жаза қарастырылмағандықтан, оған айыппұл жазасы салынды", - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіндегілер.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, лауазымды қызметкерді жұмыстан шығару туралы бұйрық 11 сәуірде шығарылған. Бұйрықта қызметкердің сыбайлас жемқорлықпен байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны айтылады.
Қазіргі уақытты экс-шендінің жоғарғы сотқа шағым жазғаны белгілі болды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085668-anasynyn-zeke-balabaqsasyn-konkursqa-qatystyrgan-aqtobede-qalalyq-bilim-boliminin-bassysy-qyzmetinen-ketti/