Күш ауылында жоғалған үш жасар қыз баланың оқиғасы: адам өлтіру бабымен қылмыстық іс тіркелді
Жарияланған күні:
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Күш ауылында бір ай бұрын жоғалған кішкентай қызға қатысты тың дерек шықты. Айя-София Молгачеваның жоғалу фактісі бойынша полиция адам өлтіру бабымен қылмыстық іс тіркелгенін, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті. Бірақ олар кім екені айтылмады. Ал отбасының жақын танысы бұл іс бойынша бүлдіршіннің анасы тергеліп жатқанын мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматы облыстық полиция департаменті өкілдері кәмелетке толмаған Айя-София Молгачеваның денесі табылған-табылмағанын да нақтыламады.
"Кәмелетке толмаған Айя-София Молгачеваның жоғалу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тескерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-тармағы (Жас баланы өлтіру) бойынша тіркелді", - делінген хабарламада.
Полиция департаментіндегілер осы қылмыстық іс бойынша күдіктілер ұсталып, қамауға алынғанын айтты. Қалған мәлімет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтіні ескертілді.
Өткен аптада "НеМолчиKZ" қоғамдық қорына өзін жоғалған қыздың анасының досымын деп таныстырған жігіт хабарласқан. Ол бүлдіршіннің анасын өз перзентін өлтірді деген күдікпен полиция тергеп жатқанын баяндаған.
Оқиғаның мән-жайы туралы айтқан жігіт портал тілшісіне де сұқбат берді. Ол қыздың анасы тергеуде екенін мәлімдеді.
"Бұл туралы маған оның 25 жастағы ұлы айтты. Ұлынан (Айя-Софияның ағасы - ред. еск.) анық-қанығын сұрап алдым. "Анаңды іздеп, ресми сұраныс жібер" десем, қорқып отыр. Тергеліп жатқалы арада көп уақыт өтті. Бірақ анасы туралы сұрап барған ұлына еш ақпарат бермеген, ол анасын көргісі келетінін айтқан, алайда оларға кездесуге рұқсат бермеген. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі осы істің ақиқатын анықтап берсе деп ойлаймын", - деді ол.
Оның ойынша, кішкентай қызды біреулер ұрлап кеткен болуы мүмкін. Әйтпегенде 24 сағат күзетілетін мекемеде ізім қайым жоғалып кеткені күмәнді деп отыр.
Айта кетейік, 17 наурызда түстен кейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Күш ауылында қыз баланың жоғалып кеткені белгілі болды. Сол күні полицияға қыздың анасы хабарласқан. Арнайы жасақ инспекторлары, кинологтар, жергілікті ПБ және жедел бөлім қызметкерлерінен арнайы іздестіру тобы құрылды. Арнайы дайындалған иттер арқылы ауқымды іздестіру шаралары жүргізілді. Жақын маңдағы шаруа қожалықтарында іздестіру жұмыстары жүргізілді. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі мәліметінше, іздестіру шарасы барысында жақын маңдағы су қоймасынан суды ағызуға тура келген. Алайда ол жерден ешқандай із табылмады. Облыстық ішкі істер департаменті мен Еңбекшіқазақ ауданының ішкі істер департаменті Күш ауылына жақын Ақши, Қырбалтабай және Балтабай ауылдарының тұрғындарын сұрастырған. Бұл іздестіру жұмыстары да оң нәтиже бермеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087753-kush-auylynda-zhogalgan-ush-zhasar-qyzga-qatysty-politsiia-adam-oltiru-babymen-qylmystyq-is-tirkedi/