Су тасқынынан зардап шеккендерге берілетін баспана мәселесі бойынша министр үндеу жасады
Жарияланған күні:
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспана мәселесі бойынша үндеу жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ үкіметке сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін жылдам шешу – басты міндет.
Үкімет су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды қолдау тетіктерін әзірледі, ол қазірдің өзінде су басқан өңірлерде қолданылуда.
"Сонымен, егер комиссия тұрғын үйді қалпына келтіруге жарамсыз деп таныған жағдайда, оны шешудің екі жолы қарастырылған: жаңа тұрғын үй салу немесе дайын жылжымайтын мүлік сатып алу.
Бұл ретте азаматтардың өңірдегі ұсынылған елді мекендердің бірінде өздеріне қолайлы нұсқаны таңдауға мүмкіндігі болады", - деді министр.
Ол жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындары да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатынын атап өтті.
"Әкімдіктер жаңа құрылыс салу үшін жер телімдерін таңдау жұмыстарын жүргізуде. Ақтөбе облысында үйлердің құрылысы басталып та кетті.
Қостанай облысының Арқалық қаласында зардап шеккен 27 тұрғынға пәтер сатып алынды. Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы отбасыларға жаңа баспана кілті табыс етілді.
Аталған жұмыс әрбір зардап шегуші баспанамен қамтамасыз етілгенге дейін жалғасады", - деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2088032-su-tasqynynan-zardap-sekkenderge-beriletin-baspana-maselesi-boiynsa-ministr-undeu-zasady/