Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жауапкершілік қарастырылған": балалар омбудсмені Зәкиева қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады

Опубликовано:

Балкондағы бала
Балкондағы бала. Көрнекі фото: SbytovaMN/Getty Images

Қазақстанның балалар омбудсмені Динара Зәкиева қазақстандық ата-аналарға үндеу жасап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram желісіндегі Stories бөлімінде қазақстандық ата-аналарды балаларына қырағы болуға шақырып, бірнеше қайғылы оқиғаны жазған.

Зәкиеваның айтуынша, 20 сәуірде бір күн ішінде Қазақстанда екі бала суға батып, үшеуі терезеден құлап кеткен.

"Балаларды су айдынының жанында жалғыз қалдырмаңыздар, терезелерге құлып орнатыңыздар. Балалардың қауіпсіздігі біздің қолымызда. Жаңа МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі – ред.еск.) заңына сәйкес, ПИК (пәтер иелерінің кооперативі – ред.) қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауы керек, оның ішінде ата-аналарды терезелерге құлып орнатуға шақыру қажет.

Жаңа заңда ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілік қарастырылған", - деді Динара Зәкиева.

Астаналық тәртіп сақшылары да қазақстандық ата-аналарға үндеу жасаған. Елордалық полиция жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды.

"Әдетте, құлаудың барлық жағдайларында балалар өздігінен тірек ретінде әртүрлі жиһаздарды пайдаланып, терезе алдына шығып, москит торына сүйеніп, онымен бірге терезеден құлап кеткен. Сонымен қатар, құлап кетудің басым көпшілігі ересектердің балалардың мінез-құлқын бақыламауынан, терезелерді жабуды ұмытып кететін туыстары мен достарының салғырттығынан, терезелерде блокаторлардың болмауынан, жиһаздардың дұрыс орналастырылмауынан, бұл балаларға терезенің алдына өздігінен шығуына мүмкіндік береді", - деп жазды Астана полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында.

Елордалық тәртіп сақшылары балалар терезеден құлап кетпеуі үшін мынадай ережелерді сақтау керегін ескертті:

  • пәтердің терезелерін ашып, бөлмені желдету кезінде бала бақылауыңызда екенін қадағалаңыз;
  • баланың балконға ересектердің қарауынсыз шығуына жол бермеңіз;
  • ұйықтап жатқан баланы ешқашан пәтерде жалғыз қалдырмаңыз, бала оянып, ашық қалған терезеге шығып кетуі мүмкін;
  • барлық жиһазды, соның ішінде төсектерді терезелердің маңында орналастырмаңыз, алыстатып қойған жөн, бұл баланың терезеге шығуына жол бермейді;
  • баланы терезеден немесе балконнан көшені қарау үшін орындыққа мінуді үйретпеңіз. Себебі сіз жоқ кезде ол терезеге қараймын деп құлап кетуі мүмкін;
  • москит торлары үлкен қауіп төндіреді: бала алда қандай да бір кедергіні көрсе, оған сүйеніп тұруы мүмкін, салдарынан ол құлап кетуі мүмкін. Себебі шыбын-шіркей торлары тіпті бір жастағы баланың салмағын көтере алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2089016-zauapkersilik-qarastyrylgan-balalar-ombudsmeni-zakieva-qazaqstandyq-ata-analarga-undeu-zasady/

pixel