Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан халқына" қоры су тасқынынан зардап шеккен БҚО-да қанша үй салатыны белгілі болды

Опубликовано:

Су тасқыны
Су тасқыны. Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салу туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Меморандум аясында Батыс Қазақстан облысында қордың қаржысы есебінен жергілікті атқарушы органдар ұсынған үлгілік жоба негізінде 114 тұрғын үй салынады.

Үйлер келесі елді мекендерде салынады:

  • Жымпиты ауылы – 49 үй;
  • Бұлдырты ауылы – 25 үй
  • Өлеңті ауылы – 38 үй;
  • Жетікөл ауылы – 1 үй;
  • Жаңақоныс ауылы – 1 үй.

"Осы елдімекендердегі су тасқынынан зардап шеккен бұл үйлер объективті тексеру қорытындысы бойынша жөндеуге жатпайды және қалпына келтіруге жарамсыз", - делінген хабарда.

БҚО әкімдігі су басу қаупі жоқ аймақтарда жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін бөлген. Орындалатын құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын облыс әкімдігі жергілікті қоғамдық белсенділермен бірлесіп бақылайды.

"Біздің жеріміз, халқымыз табиғи апатқа тап болды, оның салдары, әрине, өте қайғылы. Бірақ, біз ортақ күш-жігерімізбен қысқа мерзімде жаңа үйлер құрылысын бастап, оларды толықтай бітіріп, қиыншылыққа тап болған отандастарымызға көмектесе аламыз деп үміттенеміз. Қор бұған Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша 10 млрд теңгені, сондай-ақ қамқоршыл қазақстандықтар мен бизнес өкілдері жіберіп отырған қаражатты қосымша жолдап отыр", - деді "Қазақстан халқы" ҚҚ төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Жақын уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында құрылыс үшін ауылдар мен аумақтар анықталып, тиісті меморандумдарға қол қойылады.

"Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтуды тапсырған болатын. Осы ретте, "Қазақстан халқына" қоры да көмек көрсеткелі отыр. Осылайша облысымыздың Сырым ауданында тұрғын үйлер салынады. Бұл қуантарлық жағдай. Зардап шеккен тұрғындар баспанасыз қалмайды, мемлекет тарапынан барынша көмек беріледі", - деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2089922-qazaqstan-xalqyna-qory-su-tasqynynan-zardap-sekken-bqo-da-qansa-ui-salatyny-belgili-boldy/

pixel