Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайдағы жедел жәрдем?": көріпкел Нүкенова қайтыс болған күні Бишімбаевпен не туралы сөйлескенін айтты

Жарияланған күні:

Қуандық Бишімбаев сотта
Қуандық Бишімбаев сотта. Фото: t.me/Jogargy_sot

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні экс-министр хабарласқан көріпкелден жауап алынып жатыр. Келіншек сотталушымен не туралы сөйлескенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ол маған өзі хабарласты. Нақты сағат нешеде екенін айта алмаймын. Менің қолым бос емес еді. Тұтқаны көтергенімде "Салтанат екеуміз ішімдік көп ішіп, қатты төбелесіп қалдық" деді. Ол түстен кейін болған еді. Шамамен сағат үште немесе төртте болса керек. Оның ішіп алғанын түсіндім. Сол себепті аса мән бермедім.

Ол қатты төбелесіп қалғандарын айтты. Мен оған не үшін хабарласып тұрғанын сұрадым. Ол "көріңізші, көріңізші" деп қоймады. Оның мас екенін түсініп, "дәрігерге көрсетіңіз, жедел жәрдем шақыртыңыз" дедім. Әңгімеміз қысқа болды", - деді көріпкел.

Көріпкел сол күні Бишімбаевтың дауысының ырғағы біртүрлі болып көрінгенін, әр сөзін мұқият сөйлеп, "әдеттегідей" болмағанын атап өтті

"Мен оған жедел жәрдем шақыртып, дәрігерге барыңыз дедім. Ол әйелі ұйықтап, демалып жатқанын айтып, "көріңізші, көріңізші" деп айтты", - деді көріпкел.

Прокурор көріпкелден Бишімбаевтың "Бәрі дұрыс па?" деген сұрағына неге "бәрі дұрыс" деп жауап бергенін түсіндіруін сұрады.

"Қоңырау шалғаннан кейін WhatsApp-қа жазды. Мен оны мас деп ойлап, аса мән бермедім. "Оның жағдайы жақсы" деп жазыңызшы деп айтты. Ол өзі сондай адам ғой, есті шығарып жібереді. Мен оған "Менің қолымнан не келеді? Жедел жәрдемді шақыртып, дәрігерге көрсетіңіз. Система салсын" дедім. Ол қоңырау шала берді. Мен тұтқаны көтермедім", - деді көріпкел.

Ол өз жауаптарында Бишімбаевқа бірнеше рет жедел жәрдем шақыруды ұсынғанын айтты. Айыпталушы болса "Қайдағы жедел жәрдем? Ол есін жияды" деп жауап берген.

Көріпкел оның қоңыраулары мен хабарламаларын "мас адамның әңгімесі" деп қабылдағанын жеткізді.

Оған қоса прокурор көріпкелден "Бишімбаев бұған дейін отбасылық мәселемен хабарласты ма?" деп сұрады.

"Ол отбасылық мәселелермен психологтарға жүгінеді ғой. Оның психологтары өте көп. Ол Таиландтағы психологтармен жұмыс істейтінін айтқан. Келіншегімен психологтарға баратынын да айтты", - деді көріпкел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090177-qaidagy-zhedel-zhardem-koripkel-nukenova-qaitys-bolgan-kuni-bishimbaevpen-ne-turaly-soileskenin-aitty/