Жетісуда зейнеткерді ұлы мен келіні аулаға шығарып тастады деп көршілері дабыл қақты: ауыл әкімдігі мән-жайды түсіндірді
Жарияланған күні:
Желіде Жетісу облысы Сарыөзек ауылында тұратын 64 жастағы зейнеткерді ұлы мен келіні аулаға шығарып тастағаны туралы ақпарат шықты. Зейнеткердің көршілері тұрғынның өміріне алаңдап, БАҚ өкіліне хабарласқан. Бұл жайтқа қатысты ауыл әкімдігі өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналист Жазира Бегалының Facebook-парақшасындағы мәліметке сүйенсек, 64 жастағы зейнеткердің көршілері дабыл қаққан.
"Зейнеткерді ұлы мен келіні аулаға шығарып тастады деп көршілері дабыл қақты. Жетісу облысына келдік", - деп жазған ол.
Осы жағдайға қатысты ауыл әкімдігінің өкілдері түсініктеме берді. Олардың мәліметі бойынша, Сарыөзек ауылында тұратын зейнеткерді 18-22 сәуір аралығында көршісі үйінің ауласында жатқанын байқаған. Сөйтіп зейнеткердің тұрмысын көрсету мақсатында журналисті шақырған.
23 сәуірде істің мән-жайын анықтау үшін журналист Жазира Бегалы аталған ауылға Кербұлақ аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторыларымен бірге барған. Істің мән-жайын құзырлы орган қызметкерлері анықтады.
"Полиция қызметкерлері анықтағандай, 64 жастағы ауыл тұрғыны ауызша және жазбаша түсініктеме алу барысында ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін мәлімдеді. Туған баласы мен келіні өзіне жақсы қарайтынын, сонымен қатар жасы үлкен кісі болғандықтан, кіші және үлкен дәретін ұстай алмайтынын жеткізген.
Соның салдарынан үйді тазалап желдету үшін ұлы мен келіні зейнеткерді таза ауаға шығарып, киімін ауыстыратынын, тазалық жұмыстары жүргізілген уақытқа дейін далада отыратынын, фото түсірілген күні ауа райы жақсы болғандықтан, аулада маужырап ұйықтап қалғанын айтқан. Сонымен қатар үйінен ешқайда бармайтынын мәлімдеген", - дейді ауыл әкімдігіндегілер.
Ал зейнеткердің ұлы мен келіні көршісі жалған ақпарат бергенін айтқан.
"Фото әкесі дәретін жіберіп қойған соң, далаға шығарып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде түсірілген. Істің мән-жайын анықтау үшін Сарыөзек ауылына келген журналист көше тұрғындарынан оқиға бойынша сұрастырғанда, олар ондай жағдай болмағанын мәлім етті", - делінген әкімдік хабарламасында.
Қазіргі уақытта зейнеткер Кербұлақ аудандық ауруханасына жатқызылып, қажет ем-домын алып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090456-zhetisuda-zeinetkerdi-uly-men-kelini-aulaga-shygaryp-tastady-dep-korshileri-dabyl-qaqty-auyl-akimdigi-man-zhaidy-tusindirdi/