Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол есінен танып қалған жоқ": Алматыда автобус жүргізушісін ұрды деп айыпталған ер адам сотта жауап берді

Опубликовано:

Оқиға орны
Оқиға орны. Фото: NUR.KZ / Юлия Абрамова

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Айыпталушы – 32 жастағы Дархан А. Айыптау нұсқасы бойынша, ол автобус жүргізушісін ұрған, содан жүргізуші есінен танып қалған. Салдарынан жол-көлік апаты болып, үш адам қаза тапты.

Прокурор іс материалдарынан жүргізуші Ермек Шөкебаевадан жауап алу хаттамасын оқыды – онда қайғылы оқиғаға дейінгі бірнеше минутта қандай жағдай болғаны егжей-тегжейлі жазылған.

"2023 жылғы 22 желтоқсанда шамамен сағат 18:00-де мен қоғамдық көлікті жүргізіп, соңғы аялдамаға қарай келе жаттым. Жолға шыққанда автобуста 2-3 жолаушы болды. Сағат 18:03-те аялдамадан 2-3 адам мінді. Шамамен 35-37 жас шамасындағы ер адамның өз-өзімен сөйлесіп отырғанын байқадым. Айнадан оның смартфонына қарап, қатты ашуланғаны көрініп тұрды. Мен одан: "Не сұрап тұрсыз, жақын келе аласыз ба?" деп сұрадым. Ол жолақы төлей алмай отырғанын айтып, ашулана бастады. Ол маған телефонын бергісі келді, бірақ мен автобус жүргізіп келе жатқанымды, оған көмектесе алмайтынымды айттым. Ол басқа жолаушылардан көмек сұрау керек екенін айттым", - деп оқыды прокурор жүргізушінің айтқанын.

Оның айтуынша, ол жол ақысын төлей алмай, тіпті оған көмектескісі келген жасөспірімдерге былапыт сөздер айтқан.

Содан соң, жүргізушінің айтуынша, ол өзін рұқсат етілмеген жерден түсіріп кетуін сұраған. Әрі қарай, оның айтуынша, ол қызбаланып, балағаттай бастаған, көлік жүргізуге кедергі келтірген, бір кезде бетінен, қолынан ұра бастаған, содан жүргізуші есінен танып қалған.

Алайда сотталушының өзі жүргізушінің айғақтарымен келіспеді. Оның айтуынша, автобусқа мінген соң жәбірленуші одан жолақы талап ете бастаған.

"Мен SMS арқылы төлейтінімді айттым. Ол маған "Көрсетіңіз" деді. Төлемді көрсетейін деп жанына бардым, бірақ төлем өтпеді. Ол менің аялдамама тоқтамай, менің рұқсатымсыз телефонымды алып, төлеген-төлемегенімді тексерді. Ол да төлем жасамақ болды, бірақ төлем өтпеді, сол кезде қолма-қол ақша төлеуім керек екенін айтты. Сол кезде тағы да SMS арқылы төлеп көретінімді айттым. Тағы бір аялдмаға келдік. Бірақ жүргізуші артқы есікті ашып, мен тұрған алдыңғы есікті ашпай қойды. "Тоқтаңыз" дедім. Ол: Жолақы төлемейінше, шықпайсыз" деді де, жүріп кетті. Ол "Мен сен сияқты малдарды білемін" деп айғайлап, менің намысыма тие бастады. "Мен сені бұған дейін де көргенмін, сен сол кезде де жолақы төлемегенсің" деді", - деп оқыды прокурор айыпталушының сөзін.

Айыпталушы жүргізушіге ашуланғанын айтты.

"Ашуыма тимеңіз, әйтпесе жаман болады" дедім. Ол күліп: "Маған не істей аласың? Өзің өкініп жүрме" деді. Мен ашуланып кетіп, өз-өзімді ұстай алмай, оның бетінен екі рет салып жібердім. Сол кезде ол "Қазір соғыламыз" деп айғайлады. Сол кезде басқа жолаушылар "Не істеп жатырсың?" деп айғайлады. Қолымнан ұстап алды. Сол кезде жүргізуші есінен танып қалып, автобус соғылғанын айтты. Бірақ сол кезде ол маған қарап: "Сен жауап бересің. Автобуста камера бар" деді. Ол есінен танған жоқ: ол адамдарға мені ұстау керек екенін айтты", - деп оқыды прокурор айыпталушының айғағын.

Алматыдағы автобус апаты

Еске салайық, 22 желтоқсанда Алматыдағы Райымбек даңғылында автобус бір топ адамды қағып кеткен болатын. Кейін полиция өкілдері автобус жолаушысы жүргізуші әйелді соғып, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын, бұл жол-көлік апатына әкеп соқтырғанын хабарлады. Салдарынан автобус аялдамада тұрған адамдарды қағып кетті.

Оқиғадан 7 адам зардап шекті, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болды. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде 15 жастағы бала болған.

Бұл оқиғадан соң шабуыл жасады деген күдікті ұсталып, кейін 2 айға қамауға алынды.

Кейін жүргізушіні ұрған жолаушыға қатысты сот басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090597-ol-esinen-tanyp-qalgan-zhoq-almatyda-avtobus-zhurgizushisin-urdy-dep-aiyptalgan-er-adam-sotta-zhauap-berdi/

pixel